бұл шараны Индустрия және сауда министрлігі мен Қарағанды облысының әкімдігі «Қазақмыс» тобының қолдауымен ұйымдастырып отыр. Бұл форум Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Шетелдік инвесторлардың ХХ кеңесінде берген тапсырмаларының аясында өткізілуде және «Біз қазақстандық өнімді таңдаймыз» бағдарламасының бір бөлігі болып табылады.
Форумның қарсаңында «Қазақмыс» корпорациясы әкімшілігінің басшысы Серік Тұрдалиев «ҚазАқпарат» агенттігіне берген эксклюзивті сұхбатында отандық тауар өндірушілердің сатып алуларын кеңейту жөніндегі компанияның стратегиясы туралы әңгімелеп, дағдарысқа қарсы шараларға қатысты сауалдарға жауап берді.
- Ағымдағы жылдың басында Қарағанды облысының әкімдігі қазақстандық үлесті арттыру жөніндегі көп жұмыстар жүргізді. Нәтижесінде аймақтың тауар өндірушілері ұлттық компаниялармен және жүйе құрушы кәсіпорындармен 400-ден астам келісімшартқа отырды. Осынау бағдарламаны жүзеге асыруға «Қазақмыс» корпорациясы қалай атсалысуда? Сіздердің компанияларыңыздың сатып алуларында отандық кәсіпорындардың үлесі биыл қаншалықты артты?
- Өздеріңіз білесіздер, «Қазақмыс» тобы еліміздің бірнеше өңірінде, оның ішінде Қарағанды облысында бірқатар негізгі кәсіпорындарды басқарады. Отандық тауар өндірушілерден сатып алуларды кеңейту жөніндегі бұл жобамен біз барлық «Қазақмыс» тобының ұзақмерзімдік стратегиялық мүдделерін байланыстырып отырмыз. Біз жобаны жалғастыруға мүдделіміз, себебі оны енгізу әлеуметтік тұрақтылықты әрі қарай нығайтуға сеп болады және «Қазақмыс» әлеуметтік міндеттемелерін орындап отырған аймақтардың экономикасын дамытуға оңтайлы әсер ететін болады.
Қазірдің өзінде «Қазақмыс» компаниясының сатып алуларындағы қазақстандық кәсіпорындардың тауарлары мен үлесі 74,4 пайызды құрап отыр. Бұл үлестің жылдан-жылға артуына біз өз қолымыздан келгенше қолдау көрсетеміз. Үдерістің жылдамдығы бүгінгідей форумдарға және бізбен ынтымақтасқысы келетін шағын және орта бизнес кәсіпорындарына байланысты болады. Коммерциялық компания болғандықтан, біз, сатып алатын өнімнің жоғары сапалы және бағасы бәсекеге қабілетті болғанына мүдделіміз. Жергілікті өндірушілерден осы талаптарға сай келетін ұсыныстар түскен кезде, біз шетелдік жеткізілімшіні отандық кәсіпорынға ауыстырамыз.
Бүгінде біз негізінен қарағандылық, жезқазғандық, теміртаулық және балқаштық өндірістердің тауарлары мен жабдықтарын пайдаланамыз. Олардың сапасы импорттық баламалардан кем емес. Ең маңыздысы, «Біз қазақстандықты таңдаймыз» бағдарламасы - отандық тауарлар мен қызметтер нарығына жаңа серпін бергені, нарықтың бәсекелестіктің, өндірістік инновациялардың өсуіне, сапаның жақсаруына, өнім түрлерінің артуына сеп болса болғаны.
- «Қазақмыс» тобы Балқаш Жылу-электр стансасының құрылысына атсалысуда. Бұл мемлекеттік-жекеменшік серіктестік негізінде жүзеге асырылғалы отырған алғашқы экономикалық жоба. Сіздердің компанияларыңыздың бұл жобадағы мүддесі қандай? Үлесі қанша?
- Өткен аптада «Қазақмыс» тобы «Балқаш ЖЭС» акционерлік қоғамы акцияларының 5 пайызын сатып алды. Бұл жобада аймақта орналасқан біздің кәсіпорындарымыздың энергетикалық мұқтаждықтары ескерілген. Балқаш Жылу-электр стансасындағы болашақ энергия өндірісі «Қазақмыстың» аймақтық кәсіпорындарының шығыстарын азайтуға және олардың энергиямен қамтылу сенімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Ия, сөзсіз, жергілікті халықтың энергия қуатымен қамтылу сапасы да жақсарады. «Қазақмыс» тобы мен Үкіметтің станса құрылысындағы ынтымақтастығы ұлттық энергетикалық секторды дамытуға және нығайтуға көмектеседі деп санаймыз.
- Корпорация басқа қандай стратегиялық жобаларға атсалысуға ниетті?
- Қандай да бір стратегиялық жобаларды жүзеге асыруға атсалысу - біздің топтың ұзақмерзімдік стратегиясының басымдығы болып қала бермек және біздің мамандар осы бағыттағы пайда болып жатқан мүмкіндіктерді егжей-тегжей зерттеуде.
- Мемлекет қабылдаған дағдарысқа қарсы шараларға қандай баға берер едіңіз? Шикізат саласындағы қазақстандық кәсіпорындар Үкімет тарапынан тағы қандай да бір қолдауға мұқтаж ба?
- Біздің ойымызша, Үкімет қолынан келгеннің бәрін атқарып жатыр. Әрине, әр дағдарыс бірегей және әрбір жекелеген елдің экономикасы да бірегей, Сондықтан да, Үкіметтің дағдарысқа қарсы шараларды жүргізуінің әмбебап формуласы, ортақ шаблоны жоқ. Кейбір шаралар нәтиже берсе, кейбір шаралардың нәтижелері кемшін түсіп жатады. Ең маңыздысы сол, Үкімет қол қусырып отырған жоқ. Және оның қызметінің оң нәтижелері де байқалып келеді.
Ал шикізат секторының кәсіпорындарына келетін болсақ, біз үшін мемлекеттің көмегінен гөрі, әлемдік нарықтағы баға конъюнктурасы маңыздырақ. Әрине, біздің ешқайсысымыз мемлекетке масыл болғымыз келмейді, керісінше, біз халықты жұмыспен қамтып, ұлттық бюджетке үлес қосып және әлеуметтік бағдарламаларға инвестиция сала отырып, мемлекетке көмектесуіміз керек.
- Әңгімеңізге рахмет.