Бұл туралы Тунис құрамасының бас бапкері Фетхи Мкаоуер бүгін Алматыда өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді.
«Соңғы 3 жылда Қазақстан мен Тунис командалары арасындағы барлық матчтар 3:2 есебімен аяқталды. Бүгін мейманханада қазақстандық командадан бойшаң бірнеше жас волейболшыларды көрдім. Қазақстан құрамасы жастармен толыққаны байқалады. Онда сондай-ақ, құрлықтық және әлемдік жарыстарға қатысып жүрген тәжірибелі ойыншылар да бар», - деді Ф.Мкаоуер. Оның айтуынша, Тунис құрамасы бұл жолы Лондондағы ХХХ жазғы Олимпиада ойындарында өнер көрсеткен алғашқы алтылықтың қатарын жас ойыншылармен нығайтып келіп отыр. Олар Қазақстанға келгенде әрдайым барлық жағдайды назарда ұстап, уақыт айырмашылығы мен климаттық ерекшелікке бейімделу үшін ең кем дегенде 1 күн ерте келуге тырысады. Жалпы екі елдің ұлттық волейбол федерациялары арасында өзара достық қарым-қатынас орнаған. Оның үстіне турнирдің деңгейі өте жоғары. Сондықтан олар мұнда әрдайым өз достарына келіп, Азия мен Еуропа волейболының қыр-сырымен кеңірек танысуға мүмкіндік алып отыр.