Біз Қазақстанның сарабдал жолға түскен мемлекет қатарында екендігін көріп отырмыз - Латвия журналисі

АСТАНА. Тамыздың 30-ы. ҚазАқпарат /Жасұлан Аманбайұлы/ - Астанада Конституцияның 15 жылдығына арналған әскери шеруді шетел бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері келіп тамашалады. Солардың бірі Латвиядан келген журналист, Delfi ақпараттық порталының редакторы Анатолий Голубев әскери шеруден алған әсерімен, пікірімен бөлісті.

«Біздің елде осыншама, көлемді Қарулы күштеріміз бен әскери, әуе техникалары жоқ. Сондықтан шағын шерулер ғана ұйымдастырылып тұрады. Бұл менің деңгейі жоғары әскери шеруге бірінші рет қатысуым. Өте тамаша әсер қалдырып, өзім үшін қызықты оқиға деп білемін. Еліме келген соң, бүгінгі атаулы күн туралы міндетті түрде мақала арнаймын», деді Анатолий Голубев.

«Елдеріңіз даму жолынан түспесін. Қазір әлемдегі жағдайды көріп отырмыз. Кейбіреулері тіпті тоқырауға келіп жатқан жайлары бар. Егер мемлекет өзінің экономикалық әлеуетін, табиғи қорларын ысырап қылмай, болашаққа деген бағдармен ойластырып, байыптап қызмет істесе ғана ұтады. Қазір біз Қазақстанның осы сарабдал жолға түскен мемлекет қатарында екендігін көріп отырмыз», деп атап көрсетті ол.