Біз қазір Қазақстан экономикасын инновациялық-технологиялық платформаға ауыстыру жөніндегі міндетті жедел шешудеміз - Н.Назарбаев

АСТАНА. 7 желтоқсан. ҚазАқпарат /Асқар Бимендин/ - Қазақстанның негізгі байлығы оның жоғары білімді азаматтары болуы керек, деді бүгін «Назарбаев Университетінде» студенттер мен оқытушылар қауымының алдында дәріс оқыған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев.

«Бүгінде жаһандық прогрестің парадигмасы, форматы тез өзгеруде - ғалам өз дамуының постиндустриялық кезеңіне ауысуда. Белгілі футуролог Брюс Стерлингтің айтуынша, ол кезеңде болашақ «прогресс» сөзінің синонимі болудан қалады, себебі ол бүгіннен басталады. Осы жаңа кезеңде елдің әл-ауқатының негізін тек табиғи ресурс пен байлық немесе дамыған өнекәсіптік база құрамайды. Сарапшылардың есептеуінше, ең бақуатты деген елдердің жалпы ұлттық байлықтарының шамамен 15 пайызын ғана - материалдық құндылықтар құраса, 15-20 пайызын - табиғи ресурстар құрайды екен. Ал 65 пайыз - адами капитал»,- деп атап көрсетті Нұрсұлтан Әбішұлы өз сөзінде.

«Білімді, білікті адамдар дамудың негізгі стратегиялық ресурстарын құрайды. Дәл осы бағыт Жапония, Финляндия, Оңтүстік Корея, Сингапур, Бразилия және т.б. бірқатар мемлекеттердің жетекші экономикалық дамуында үлкен маңызға ие болған. Білім прогрестің алға тартушы күші, жаңа игіліктердің көзі.

Экономикада бүгінде мүлдем басқаша салалар пайда болуда. Және ол үрдістерден тыс қалу, оларды ескермеу Қазақстанның стратегиялық қателігі болады. Сондықтанда біз қазір ел экономикасын инновациялық-технологиялық платформаға ауыстыру жөніндегі міндетті жедел шешудеміз. Және бұл стратегия Қазақстанға соңғы онжылдықтағы ең қиын әлемдік дағдарысты еңсеруге көмектесуде, экономикамыздың қайтадан өркендеуін қамтамасыз етуде, оны өздеріңіз де көріп отырсыздар. Біз экономикалық-қаржылық жағдайлардың сыртқы өзгерулеріне жедел үн қатуға, өз мүмкіндіктерімізге сыни тұрғыдан бағалауға, замананың күрделі ығыттарына бейімделуге мүмкіндік беретін мемлекеттік басқару жүйесін құрып отырмыз», - деді Елбасы Н.Назарбаев өз сөзінде.