«Қазанаттағы» ковбойлардың жиынына Спорт және дене шынықтыру комитетінің төрағасы Елсияр Қанағатов, ҚР Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының президенті Бекболат Тілеухан, Қазақстандағы АҚШ-тың Төтенше және Өкілетті елшісінің орынбасары Джон Марк пен америкалық ковбой командасын бастап келген Крид Гарник келді.
«Қайырлы күн құрметті ханымдар мен мырзалар!» деп сөзін қазақша бастаған Джон Марк чемпионатты ұйымдастырып отырған Қазақстан тарапына алғысын білдірді.
«Мұндай чемпионаттың мың жыл бұрын жылқыны қолға үйреткен Ақмола өңірінде болып жатқаны қуантады. Мен қазақтар үшін де, ковбойлар үшін де жылқының орны бөлек екенін білемін. Ковбойлар үлкен дайындықпен келді. Мен жылқыға деген құрмет АҚШ пен Қазақстанды жақындастыра түсетініне сенімдімін. Америкалық команда алдағы күндері өздерінің ат үстіндегі шеберліктерін көрсетеді. Сондықтан бәріне ақ жол тілеймін!», - деді Джон Марк.
ҚР Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының президенті Бекболат Тілеухан көкпар ойындарына жалпы жиыны 18 миллион теңге тігіліп отырғанын айтты. Қауымдастық басшысы АҚШ елшілігіне шынайы ризашылығын білдіріп, екі елдің қарым-қатынасы туралы сөз қозғады. Оның айтуынша, Қазақстан көкпар чемпионатын өткізуге тас-түйін дайын.
«Көкпар ойындары бес күн бойы үздіксіз өткізіледі. Ақтық сайыс 27 тамызда өтеді. АҚШ-та көкпардан жарыс өтіп жатқанын көрдік. Америка көкпарға кірісіп жатса, көкпардың бағы жанатынына күмәніміз жоқ. Көкпар көрші елдердің біразына ортақ ұлттық ойын. Қазақта он баласы бар атаның балаларының бірі «мынау менің ғана әкем» деген баланы «ақымақ бала» деп айтады. Бір атаның балалары үйдің отағасын «бәріміздің әкеміз» деп біледі. Сол секілді, сіздер он бірінші бала болып келіп жатсаңыздар, қош келдіңіздер деп айтамыз», - деді Бекболат Тілеухан.
Бұл сөзге ковбойлар командасының капитаны Крид Гарник алғысын білдірді.
«Ең кіші ұлы - кенжесі ретінде отбасыға қабылдағандарыңызға рахмет! Кенже ретінде қатарға қосқан үлкен ағаларымыз бізге қолдау білдіреді деген сенімдемін. Жылқыға деген құрметпен қарайтын елге келгенімізге қуаныштымыз. Менімен бірге ат үстінде жүрген кіл мықтылар келді. Дипломатиялық тұрғыда емес, спорттық және мәдени тұрғыда байланысты кеңейткіміз келеді», - деді Крид Гарник.