Біз мемлекеттігіміздің іргесін орнықтырып, еліміздің шекарасын шегендедік - Елбасы

АСТАНА. 25мамыр. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - Біз мемлекеттігіміздің іргесін орнықтырып, еліміздің шекарасын шегендедік. Бүгін Астанада өтіп жатқан Дүниежүзі қазақтарының IV Құрылтайында ҚР Президенті - Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы Төралқасының төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев осылай мәлім етті.

«Біз мемлекеттігіміздің іргесін орнықтырып, еліміздің шекарасын шегендедік. Аз жылдың арасында Арқа төсінде мынандай өздеріңіз көріп отырған ғасырдың ғажайыбы атанған арайлы елордамыз - Астананы тұрғыздық»,-деді Н. Назарбаев.

Сөзін "кезінде желмаяға мініп, жер шалған Асан қайғы бабамыздың «Есілдің бойын көргенде 6 күнде ат семіртіп мінетін жер екен» деген сөзімен тұздықтаған Елбасы: «Сол айтқандай, Сіздер 6 жылда шын мәнінде жерұйыққа айналған Астананы көріп отырсыздар. Қазақ жері татулықтың туын тігіп, ұлтаралық, дінаралық келісімнің әлем үлгі тұтатын айшықты мысалына бүгін айналып отыр»,-деді.

ҚР Президентінің пайымдауынша, қазақ халқы ұлысты ұйыстырушы ел ретінде еліміздегі этностарды бауырына басып, даналығы мен дархандығын көрсете білді.