Біз мемлекеттік тілдің болашағына жаны ашитын азаматтармен оның проблемасын талқылауға әзірміз -Мұхтар Құл -Мұхаммед

АЛМАТЫ. Қаңтардың 21-і. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Елбасының жүргізіп отырған тіл саясатының арқасында тәуелсіздік жылдарында қазақ тілі бұрын-соңды болмаған биікке көтерілді.

Бұл бүгін Алматыда Тілдерді қолдану мен дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын әзірлеу жөніндегі жұмыс тобының отырысында айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

"Егер біз кезінде ұлттың ұлы трагедиясы ретінде 600 мектептің жабылғанын жиі ауызға алатын болсақ, тек қана тәуелсіздіктің 18 жылында 880-нен астам мектеп ашылды. Мұның бәрі ұлт руханиятының ұлы жеңісі деп айтуға болады. Қазақ тіліндегі басылымдардың таралымы, қазақ тіліндегі кітаптардың саны жыл сайын артып келе жатыр. Қазақ тілін дамытуға Елбасы тарапынан барлық жағдай жасалған. Сонымен бірге, біз көпұлтты мемлекет болғаннан кейін, басқа тілдердің дамуына да назар аударуымыз керек. Бүгінгі отырыс осы бір өзекті мәселелерге арналды. Біз ешнәрсені жасырып-жаппай, ашық жағдайда мемлекеттік тілдің болашағына жаны ашитын азаматтармен оның проблемасын талқылауға әзірміз", деді Мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед. Жарыссөзге қатысқан 17 адамның сөздерін мұқият тыңдап, ұсыныстарын жазып алғанын айтқан Мұхтар Абрарұлы, бағдарлама қабылданғанша тағы екі кездесу өткізгісі келетінін айтты. Оның алғашқысы бағдарлама жобасын әзірлеу жұмысының орта шенінде өтпек.