Бұл туралы Алматы облысы Іле ауданындағы Қазақстандағы ең ірі жылыжай саналатын «Green Land Alatau» ЖШС-нің директоры Алмас Дәуітов журналистерді өндіріс орнымен таныстыру кезінде айтты.
«Біздің өнімдеріміз өңдеуге емес, бірден тұтынуға арналған. Әсіресе, қысқы кезеңде. Өйткені бұл кезеңде импорттық көкөніс өнімдерінің бағасы нарықта өте жоғары болады. Сондықтан бұл жылыжай кешенін құрудағы басты мақсатымыз - нарықтағы ахуалды тұрақтандырып, бағаны арзандату. Тұтынушылар бізді көптен бері күтуде. Алматыдағы барлық ірі сауда орындарымен келіссөз жүргіздік. Қазіргі таңда нарық пен бөлшек және көтерме тұтынушылар мұндай өндірістерге мұқтаж», - дейді А. Дәуітов.
Оның айтуынша, көкөністі өндірістік жолмен өсіретін жылыжай кепілдендірілген сапамен және жас өніммен қамтамасыз етеді. Қазір Қытай мен Өзбекстаннан тасымалданатын көкөніс сауда сөресіне жеткенге дейін ұзақ жол жүреді. Ал бұл жылыжайда өндірілген қызанақ, қияр мен салат жасауға қажетті өзге де көкөністер импорттық өнімдерден айтарлықтай арзан болмақ. Дегенмен оның қандай көлемде болатынын жоспарлау мүмкін емес. Нарықтағы ахуал жағдаятын алдын-ала болжау қиын.