- Талғат Амангелдіұлы, осыдан бір апта бұрын жұмыс бабындағы сапармен Израильде болып келдіңіз, алған әсерлеріңіз туралы айтып өтсеңіз?
- Ғарышта болған кездерімде Израильдің үстінен мыңдаған рет ұшып өтіп, бірақ қасиетті топырағына алғаш рет аяқ бастым. Жақсы әсерлер алдым, кішкентай болса да, ерекше осынау ел рухани жасампаздыққа, адамдарға жақсы жағдай жасауға деген талпынысымен таң қалдырады. Ғарыш саласының мамандарымен болған келіссөздердің нәтижесіне қанағаттанамын, ыстық ықыласы үшін Израиль мемлекетінің президенті Шимон Переске ризамын. Біз израильдік мамандармен бірлесе отырып, ғарыш саласындағы ынтымақтастық мәселелеріндегі түйісу нүктелерін таптық, жерсеріктер жүйесін жасау жөніндегі олардың бай тәжірибесі ғарыштық технологиялардағы өз жолын енді бастап отырған біздер үшін өте маңызды. Иерусалим сапарына қатысты мына бір әңгімені айтқым келіп отыр. Біз Иерусалимде сәуірдің 12-сіне қатысты қызықты бір тарихты естіп білдік. Онда адамдар атақты Аза тұту қабырғасында қалдырып кететін хаттарды дәл осы күні, 7 жылда бір рет жинап, храмға апарып, раввин оқиды екен және олардың барлығы үшін Құдайдан шапағат сұрайды екен. Сонда, олардың Жаратушылары дәл Космонавтика күні жерден өтініш қабылдайтын болғаны ғой!
- Иә, шынында да, қызықты сәйкестік екен. Талғат Амангелдіұлы, ал өзіңіз нені армандайсыз?
- Көп нәрсеге қол жеткіздім, арманым орындалып, ғарышкер атандым, үш халықаралық экспедицияның құрамында бір жыл бойы ғарышта жұмыс істедім, тарихта тұңғыш рет орбитада Қазақстан жалауы желбіреді, ғарыш туризмінің дәуірі басталды, еңбегім үшін біраз наградалармен марапатталдым. Біздің ғарыш агенттігіміздің алқалы отырысында Премьер-Министр айтқандай, менің, шын мәнінде жұмыс істемей-ақ, жүре беруіме болатын еді. Бірақ, мен қазір тек ел басшылығының өтінішімен ғана емес, өз еркіммен де, белсенді ұшу қызметімнен кейін Қазақстанға оралып, Отанымның игілігі үшін еңбек етудемін. Қазғарыштың басшысы ретінде менің алдымда тұрған басты міндет - еліміздің толыққанды ғарыш саласын құру. Бұл ондаған жылдарды алатын өте күрделі үдеріс, бірақ бастама бар. Біздің жетістіктерімізге тоқталатын болсам, ол, біріншіден, Қазақстанның аумағында орналасқан бірегей «Байқоңыр» ғарыш айлағы, орбитаға барып қайтқан екі ғарышкер мен ғарышкерлікке екі үміткер тұратын өзіміздің ғарышкерлер жасағымыз бар деуге болады, оған қоса ғарыштық зерттеумен айналысатын ғылыми негізіміз бар. Енді біз өзіміздің жердегі және ғарыштағы инфрақұрылымызды жасауымыз керек, ғарыш аппараттарын, зымырантасымалдағыштар, басқа да ғарыш өнімдерін жасауға кірісу үшін өз мамандарымызды даярлауымыз керек.
- Сәуірдің 11-інде Сіздің Қазғарыштың басшылығына тағайындалғаныңызға екі жыл болады. Қазақстанның ғарыш агенттігінің қандай негізгі жұмыс нәтижелері туралы айтуға болады?
- Иә, Елбасының 2007 жылғы наурыздың 27-сіндегі «Қазақстан Республикасының Ұлттық ғарыш агенттігін құру туралы» Жарлығымен құрылған Қазғарышқа Үкімет Қаулысымен мен сәуірдің 11-інде төраға болып тағайындалдым. Өткен екі жылда Қазғарыш Елбасының және республика Үкіметінің жан-жақты қолдауымен, еліміздің ғарыштық державалар клубына кіруіне негіз болатын жобаларды біртіндеп жүзеге асыра бастады. Жақында қабылдауында болған кезімде Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы ел экономикасының стратегиялық маңызды, жоғары технологиялы және ғылыми қамтымды секторы болуы үшін ғарыш саласын дамыту туралы тапсырма берді. Бүгінде Қазғарыш пен оның құзырындағы ұйымдардың қызметі негізгі алты міндетті шешуге бағытталып отыр. Ол - үш геостационарлық байланыс жерсерігінен және жерсеріктерді басқарудың жер бетіндегі кешенінен тұратын «KazSat» ғарыш жүйесін құру; «Байқоңырдан» түрлі мақсаттағы ғарыш аппараттарын ұшырудың түрлі қызметтерін көрсетуге мүмкіндік беретін жеңіл, орта және ауыр санаттағы «Ангара» экологиялық таза зымырантасымалдағышына негізделген «Бәйтерек» ғарыштық зымыран кешенін салу; еуропалық EADS Astrium компаниясымен әріптестікте оның тәжірибесі мен технологияларын пайдалана отырып, ғарыш аппараттарын құрастыру және сынақтан өткізу жөніндегі кешен салу; Ғарыштық зерттеулер және технологиялар ұлттық орталығының құрамындағы қолданыстағы базалық инфрақұрылымды дамыта отырып, Қазақстан Республикасының аумағында ғарыштық мониторинг жүргізудің ұлттық жүйесін және еліміздің экономикалық салаларының мүдделері үшін тақырыптық қосалқы жүйелер құру; Жерді қашықтықтан зондтаудың ғарыш жүйесін жасау; ғарыш саласының инженерлік-техникалық және ғылыми кадрларын дайындау, олардың біліктіліктерін көтеру және қайта дайындау жүйесін енгізу міндеттері. Аталған мәселелердің барлығы бойынша белсенді жұмыстар жүргізіліп жатыр.
- Талғат Амангелдіұлы, кәсіби мерекеңізді қалай атап өтесіз?
- Барлық ғарышкер достарым мен әріптестерімді мерекемен құттықтап шығамын. Орбитадан жақында оралған Юра Лончаковпен хабарласуға тырысамын. Юра - біздің жерлесіміз, Қазақстанда туып, өскен, Жұлдызды қалашықта ғарышкерлер отрядының командирі. Айтпақшы, ол маған стансыдан қоңырау шалып, Қазақстанның Тәуелсіздік күнімен құттықтаған. Мереке қарсаңында біз Ұлттық ғарыш агенттігінде салтанатты шара өткіземіз. Бұл күні тек құттықтаулар ғана қабылдамаймыз, сонымен бірге біздің ұжымымызға жаңадан келген мамандар мемлекеттік қызметкерлердің антын қабылдайды. Атаулы күннің құрметіне өткізілетін тағы бір дәстүрлі шара - мини-футболдан турнир. Жарысқа Алматыдан, Байқоңырдан командалар келеді. Мүмкіндікті пайдалана отырып, қазақ ғарышкері Тоқтар Әубәкіровті, ғарыш саласының барлық мамандарын мерекелерімен құттықтағым келеді. Қазақстанға ғарышқа бірінші болып жол ашып берген адамға - Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа ізгі тілегімді жеткізгім келеді.
- Сұхбатыңызға рахмет. «ҚазАқпарат» агенттігінің атынан кәсіби мерекеңізбен құттықтап, Қазақстанның ғарыш жолындағы еңбегіңізге табыс тілеуге рұқсат етіңіз!
16:11, 10 Сәуір 2009
«Біз өз ғарыш жолымызды таңдаймыз» - Талғат Мұсабаев
АНА. Сәуірдің 10-ы. ҚазАқпарат /Сара Қабиқызы/ - Бүкіләлемдік авиация және космонавтика күнінің қарсаңында атақты ғарышкер-ұшқыш, Қазақстанның Халық қаһарманы, Ресей Батыры, авиация генерал-лейтенанты, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғарыш агенттігінің төрағасы Талғат Мұсабаев «ҚазАқпарат тілшісіне сұхбат берді.