Біз өзіміздің өндірісімізді дамытуымыз керек - Үкімет басшысы

АСТАНА. Қазанның 18-і. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ -«Еліміздегі сауда саласын дамытуға бағытталған салааралық бағдарламаның басты идеясы - өзіміздің өнімімізді шығару», деді бүгін Үкімет басшысы селекторлық режімде өткен мәжілісте.

«1990 жылдары мемлекеттің алдында азық-түлік нарығын қажетті тауарлармен толтыру міндеті тұрды. Себебі біздің өзімізде өндіріс ошақтары құлдырады, нәтижесінде нарықта тауарға зәрулік туындады. Осы уақытта көптеген азаматтар өздерінің жұмыстарын тастап, ала қоржынды арқалап, сырттан елге тауар тасымалдай бастады. Сөйтіп біздің нарығымыз стихиялы түрде дамыды. Біздің бүгінгі міндетіміз осындай қалыптан арылу. Яғни біз өзіміздің өндірісімізді дамытуымыз керек. Бізде заманға сай сауда-саттық жасайтын орындар болуы қажет», - деді Үкімет басшысы.

Үкімет басшысының айтуынша, бүгінгі таңда бизнес саласы өкілдерінің талап етіп отырған мәселелері дұрыс. Алайда оның тәжірибе жүзіндегі іске асырылуы әлі көп күш-жігер жұмсауды қажет етеді. «Өйткені салааралық бағдарлама бізге болашақта атқаруымыз тиіс істердің тек жобасын ғана ұсынып отыр. Ал ол іс жүзінде қаншалықты жүзеге асады. Оның барлығы еліміздің ішкі экономикасына әсер ететін, әрі өзге де салалармен байланысты күрделі мәселе», - деді Үкімет басшысы.