Біз Президент идеяларын жүрегімізбен сезінеміз-Мәжіліс депутаты Б. Смаилов

АСТАНА. 29 желтоқсан. ҚазАқпарат. Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Орал Мұхамеджановтың жетекшілігімен осы Палатаның жалпы отырысы болып өтті. Онда Қазақстан Республикасы Президентінің өкілеттігін ұзартуға қатысты мәселе бойынша Мәжіліс депутаты, «Нұр Отан» ХДП фракциясының мүшесі Бауыржан Смаилов сөз сөйледі.

Б. Смаилов өз сөзінде Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың өкілеттігін ұзарту жөніндегі бастаманы қызу қолдайтынын атап көрсетті.

- Бұл - біздің, тәуелсіз Қазақстанда өзінің білімі мен қабілетін жан-жақты ашуға мол мүмкіндік берілген мыңдаған жастардың қалауы, экономикасы нығайып дәулеттенген, рухани көркейген барша халықтың таңдауы!

Біз ұлт тағдырын тұлғалар айқындайтынын жақсы білеміз. Керей мен Жәнібек - елдігіміздің негізі. Тәуке мен Абылай айбынымыз бен ерік-жігеріміздің айғағы. Нұрсұлтан Назарбаев - баянды тәуелсіздігіміздің, бүгінгі табыстарымыз бен ертеңгі заңғар жеңістеріміздің кепілі. Қазақстан және Назарбаев - егіз ұғым. Қазақстандықтар өзінің бүгінін де, ертеңін де Елбасымен бірге тығыз байланыстырады. Ұлт көшбасшысы Халық, Мемлекет, қоғам алдындағы парызын табандылықпен және адалдықпен атқарып келеді. Елбасы халқымызды 19 жылда ғасырлық даму жолынан өткізді.

Ата-бабаларымыз «Ырыс алды - ынтымақ» деген. Бүгінгі таңда Қазақстан - ынтымағы жарасқан, ұлтаралық татулықты сақтауды және бейбітшілікті қорғауды әлемге таныта білген тәуелсіз мемлекет. Елдің осындай ұстанымы Елбасымыздың саясатының нәтижесінде қалыптасып отыр. Қазақстанның гүлденуі барша тұрғындарымыздың бойына күш-жігер құйып, атқарып жатқан жұмыстарына серпіліс берді. Ұлтына, тегіне қарамай, еліміздің әрбір азаматы бүгінгі таңда «Бұл - менің Қазақстаным!» деп зор мақтанышпен айта алатын күнге жеттік!

Сонымен қатар бауырлас елдердің саясаткерлері, қоғам және өнер қайраткерлері Нұрсұлтан Назарбаевты түркі халықтарының кемеңгері, ақылшысы деп атап жүр. Осындай пікірді осы Парламент үйінде сөз сөйлеген Түркия Президенті Абдолла Гүл мырза да келтіргені есімізде! Бір сөзбен айтқанда, Нұрсұлтан Назарбаевтың ерлікке толы өлшеусіз еңбегін бүгінде тек қана қазақстандықтар емес, бүкіл әлем бағалап, мойындап отыр.

Біздер, шығармашылық және іскерліктің қазіргі толқыны, Президент идеяларын жүрегімізбен сезінеміз. Елбасының мұрат-мақсаты республиканың білімді де парасатты, іскер де жігерлі жастарын қалыптастыру екендігі, сол үшін барлық мүмкіндіктерді туғызып отырғандығы біздерді қанаттандырады. Нұрсұлтан Әбішұлының осындай қамқорлығына жастарға тән жасампаздықпен жауап беру - қасиетті борышымыз".

Б. Смаил енді екі күннен кейін жаңа ғасырдың екінші он жылдығы басталатынын, бұл - Қазақстан үшін өте бір жауапты кезең, Президент айқындап берген инновациялық даму, өрлеу кезеңі екенін айта келе: "Жаңа он жылдықтың міндетін жоғары деңгейде орындау Елбасының басшылығына тікелей байланысты.Ендеше, барша азаматты Отанымыз бүгіннен де сәулетті, еліміз қазіргіден де дәулетті болуы үшін, халқымыздың бақытты болашағы үшін осы таңдауды қуаттауға, ауыз бірлік танытуға шақырамын!", - деді.