Біз сайлаудың демократиялық, жалпыға танымал халықаралық қағидаттарға сәйкес өтуіне ұмтыламыз - М.Сәрсембаев

АСТАНА.ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Марат Сәрсембаев Ұлыбритания мен Солтүстік Ирландия Біріккен Корольдігінің халықаралық байқаушылар делегациясымен - Король адвокаты, Ұлыбритания мен Солтүстік Ирландия Құрама Корольдігінің Жоғарғы соты судьясының әкімшілік істері жөніндегі орынбасары Джеймс Томас Левиспен және «Integrative Media LLP» бас атқарушы директоры Алан Джонс Спенспен кездесті.

Кездесу барысында Орталық сайлау комиссиясы мүшесі Левис мырзамен ҚР ОСК мен Парламент Мәжілісінің депутаттарын сайлауды байқау жөніндегі шетелдік миссиялардың өзара іс-әрекеттерінің мәселелері жөнінде, халықаралық байқаушылардың құқықтары мен міндеттері туралы, шетелдегі Қазақстан азаматтарының дауыс беру тәртібі, дауыс беруді ұйымдастыру рәсімдері туралы пікір алмасты.

М. Сәрсембаев байқаушылардың сайлау науқанының барысы туралы қажетті ақпаратты алатынын атап көрсетті.

«Орталық сайлау комиссиясы мен байқаушылардың мүдделері ұқсас. Біз сайлаудың ашық және демократиялық сайлаудың жалпыға танымал халықаралық қағидаттарына сәйкес өтуіне ұмтыламыз», - деп атап өтті М. Сәрсембаев.