13:35, 08 Маусым 2009
Біз спорт саласында жоғалған дәстүрлерді қайта жандандыруға күш салып отырмыз ? Т.Досмұхамбетов
АСТАНА. Маусымның 8-і. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Елімізде дене шынықтырумен, спортпен жүйелі шұғылданатын азаматтар саны 95 мың адамға жетіп, республика халқының 15,3 пайызын құрап отыр.
Бұл мәліметті бүгін Парламент Мәжілісінде туризм мен спортты дамыту мәселелеріне арналған Үкімет сағатында Туризм және спорт министрі Темірхан Досмұхамбетов келтірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Оның айтуынша, министрлік еліміздегі азаматтардың спортқа деген ынта-жігерін байқау үшін дене шынықтыру мен спортты дамыту мәселелері бойынша жүргізілетін статистикалық мәліметтерді ұдайы зерделеп отырады. «Бұл мәселе бойынша қазіргі көрсеткіштер жаман емес. Жалпы елімізде дене шынықтыру мен спортты дамытуға қажетті материалдық-техникалық база айтарлықтай нығайды. Республикада жыл сайын Президенттік тестілерді тапсыру айлығы ұйымдастырылып, 2008 жылы оған 2,5 миллион адам қатысты. Сонымен қатар барлық қалалар мен аудандарда жүгіруден республикалық жарыстар өткізу дәстүрге айналды. Ал өткен жылдан бастап біз оқушылардың жазғы және қысқы спартакиадасы, спорт ардагерлерінің спартакиадасы, «Алтын шайба», «Былғары доп», балалар турнирі мен «Спортшылар отбасы» сияқты бүгінде ұмытыла бастаған спорттық жарыстары жандандыруға күш салып отырмыз», деді министр.