Біз тек Президентімізбен бірлесіп қана дамыған, өсіп-өркендеген, болашағы зор мемлекет құра аламыз -депутат Ю. Кубайчук

АСТАНА. 3 ақпан. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - «Біз тек Президентімізбен бірлесіп қана дамыған, өсіп-өркендеген, болашағы зор мемлекет құра аламыз», - дейді Сенат депутаты Юрий Кубайчук. Бұл пікірін ол бүгін Парламент Сенатының жалпы отырысында білдірді.

Оның сөзіне қарағанда, Қазақстан халқы Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың Мемлекет басшысы ретіндегі моральдық қасиеттерінің мықты екендігіне және оның демократиялық ұстанымдарға беріктігіне тағы бір мәрте көз жеткізді.

«Мемлекет басшысының өкілеттігін ұзарту жөніндегі қалың көпшіліктің бастамасына және осы ұсынысқа деген өзінің моральдық және заңдық құқының бар екендігіне қарамастан Президент мұндай қадамға бармады. Елбасының көрегенді басшылығының арқасында елде экономика, саясат, білім, әлеуметтік салаларда көлемді де радикалды реформалар жүргізілді. Нәтижесінде әлем қазақстандық даму жолы туралы айта бастады. Қазақстан Республикасының Конституциясына енгізілген түзетулер еліміздің тұрғындарына кезектен тыс сайлау арқылы тұрақтылық пен қарқынды дамуға, экономиканы түрлендіру мен жоғары өмір сапасына дауыс берулеріне жағдай жасайды»,-деді сенатор.