Біз терроризмге қарсы соғыса береміз және бұл өте ұзақ соғыс болады - Франция Елшісі

АСТАНА. ҚазАқпарат - Дүйсенбі, 18 шілде күні Астанада орналасқан Франция Елшілігінің алдында көңіл айту кітабы ашылады. Астана тұрғындары мен өзге де азаматтар француз халқына осылай қолдау білдіре алады. «ҚазАқпарат» тілшісімен сұхбаттасқан Франция Республикасының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі Франсис Етьен 14 шілде күні түнге таман орын алған Ницца қаласындағы терактіге байланысты, қазақстандықтар 15 шілде күні таңертеңнен Франция елшілігіне көңіл айту хаттарын жолдай бастағанын айтты.

«Қазір қайғы жұтып отырмыз. Аяқ астынан жақынынан айырылып, осындай қанды оқиғаға куә болған азаматтарды ойласақ, жүрегіміз ауырады. Мен бұған дейін айтқамын, әлі де айтамын: біз терроризмге қарсы соғысты тоқтатпаймыз. Бұл өте ұзақ соғыс болады... Егер олардың (террористердің - агенттік) көздегені біздің қиналып, құлағанымыз болса, олардың қолынан бұл келе қоймас. Себебі, бұл бірінші рет болып отырған жағдай емес. Біздің символымыз - күш екенін айтқым келеді. Француз халқы құламайды»,-дейді елші.
Елшінің айтуынша, күні бойы Қазақстанның азаматтары Франция халқына қолдау білдіріп, толассыз хаттар жолдап жатыр екен. Елші атап өткендей, дүйсенбі, яғни, 18 шілде күні Франция Республикасының Қазақстан Республикасындағы Елшілігінің алдында (Астана қаласы, Космонавтар көшесі,62) көңіл айту кітабы ашылады. Сондай-ақ, Франсис Етьеннің ақпаратына сүйенсек, ертең Елшілікке ҚР Премьер-министрі Кәрім Мәсімов барады деп күтілуде.
Естеріңізге сала кетейік, 14 шілде күні Франция Республикасының Ницца қаласында 80-нен астам адамның өмірін қиған теракт орын алды.