Біз туристерді көлікпен тасымалдау жағынан көрші елдермен бәсекелесе алмай отырмыз ? Туризм және спорт министрі

АСТАНА. Маусымның 8-і. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Бүгін Парламент Мәжілісінде өткен Үкімет сағатында Туризм және спорт министрі Темірхан Досмұхамбетов еліміздегі туризмді дамыту мен республикаға келіп-кетуші туристер санын арттыру үшін атқарылуы тиіс бірқатар мәселелерді қозғады,

деп хабарлайды ҚазАқпарат. Оның сөзіне қарағанда, елімізе туристерді теміржол арқылы тасымалдау үшін бәсекеге қабілетті тарифті белгілеп, жаңа вагондар сатып алу қажет. Сонымен қатар облыстардағы әуежайлардың халықаралық стандарттарға сай болуын қамтамасыз етіп, әуе жолдарының кеңістігін кеңейтіп, туристер үшін жеңілдетілген бағалар енгізу қажет. «Бұған қоса, жолаушыларды сумен тасымалдайтын арнайы жаңа көліктер сатып алу арқылы Каспий теңізіндегі туристік саяхат шараларын ұйымдастыруды жетілдірген абзал. Жалпы елімізде ішкі және сырттан келетін туристер үшін әуе, теміржол, судағы және автокөліктерде жүру бағасының құны қолжетімді болғаны дұрыс. Өйткені біз қазір тап осы мәселе бойынша Қытай, Ресей, Өзбекстан мемлекеттерімен бәсекелесе алмай отырмыз», деді министр.