Біз жаңа идеяларды жүзеге асырып, әрдайым өміршең істердің бастауында тұратын боламыз - Жалпыұлттық форум қатысушыларының үндеуі

АСТАНА. Сәуірдің 28-і. ҚазАқпарат - бұдан бұрын хабарланғанындай, бүгін Астанада Тәуелсіздік сарайында ҚР Білім және ғылым министрлігі бастамашы болып, Қазақстан жастары Конгресімен және Қазақстан халқы Ассамблеясымен бірлескен «Жастар Қазақстан халқының бірлігі үшін» Жалпыұлттық форумы өтті, Оған қатысушылар жас отандастарына үндеу қабылдады. ҚазАқпарат үндеу мәтінін жариялайды.

***

«Жастар Қазақстан халқының бірлігі үшін» жалпыұлттық форумына қатысушылардың үндеуі

Жас қазақстандықтар!

Бүгінгі таңда елімізде жастардың өз қабілеттерін шыңдауға, шығармашылық әлеуеттерін ашуға, қандай да бір батыл бастамаларын жүзеге асыруға барлық жағдай жасалған.

Біздер, «Жастар Қазақстан халқының бірлігі үшін» жалпыұлттық форумына қатысушылар Мемлекет басшысының Қазақстанды XXI ғасырда одан әрі өркендетуге және оның халықаралық беделін нығайтуға бағытталған идеяларын іске асыруға дайын екенімізді мәлімдейміз.

Алдымызда тарихи маңызы зор оқиға - ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығы келе жатыр. Бұл айтулы белес біздің ұрпаққа үлкен жауапкершіліктер жүктейді.

Біз мемлекетіміздің интеллектуалдық элитасын қалыптастыру үшін жаңа ғасырдың жаңа технологияларын игеруге ұмтылуымыз керек.

Біз әлемнің озық елдерінің стандартарына сәйкес жаңа білімдерді игеріп, алған білімімізді Қазақстанның жедел индустриялық-инновациялық дамуы үшін пайдалануға тиіспіз.

Біз мемлекеттік тілді одан әрі дамытуды, бай мәдени мұрамыз бен қазақ халқының және елімізде тұрып жатқан барлық этностардың салт-дәстүрлерін сақтауды жақтаймыз.

Біз еліміздің басты игіліктерін - этносаралық келісімді, татулық пен бірлікті сақтап, қорғайтын боламыз.

Біз жаңа идеяларды жүзеге асырып, әрдайым өміршең істердің бастауында тұратын боламыз.

Біздің жасампаздық еңбегіміз, шығармашылық күш-қайратымыз бен болашаққа сеніміміз тәуелсіз Қазақстанның дамуына бағытталатын болады!

Еліміздің жастарын біздің бастамаларымызды қолдауға және оларды іске асыруға белсене атсалысуға шақырамыз.

Барлық күш-жігерімізді бірлігімізді сақтауға және ортақ Отанымыз - Қазақстан Республикасының өркендеуіне жұмсайық!