Біз жеңісімізді ел тәуелсіздігінің 20 жылдығы мен Елбасы Н.Ә.Назарбаевтің құрметіне арнаймыз - «Чогори» шыңын бағындырған альпинистер

АЛМАТЫ. 13 қыркүйек. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/ - Біз жеңісімізді ел тәуелсіздігінің 20 жылдығы мен Елбасы Н.Ә.Назарбаевтің құрметіне арнаймыз. Бұл туралы бүгін Алматыда өткен арнайы баспасөз мәслихатында «Чогори» шыңын бағындырған альпинистер Мақсұт Жұмаев пен Василий Пивцов айтты.

Естеріңізге сала кетсек, олар 23 тамыз күні, 18.30-да Пәкістан мен Қытай елдері аралығында жатқан «Чогори» тауының ең биік нүктесіне «кислородты» қолданбай шығып, еліміздің көк байрағын орнатып, елге аман есен оралған болатын. 6 адамнан құралған экспедиция құрамында Қазақстанмен қатар, Австрия, Польша, Германия және Аргентина елдерінің альпинистері болды. Олардың ішінен тек қазақстандық, австриялық және поляк альпинистері шыңды бағындырған. Экспедиция 16 шілде күні басталған болатын.

Аталмыш тауға шығу әлем бойынша ең қиын таулардың бірі болып табылады. Таудың ең биік нүктесі Эверест тауынан 200 метрге аласа. Осы шыңды бағындыруға қаншама алпинистер шыққан. Бірақ оның көпшілігі не шыға алмаған, не сол тауда қаза болған. Сондықтан да «Чогори» тауы бүгінде «Өлтіргіш тау» деген атпен белгілі. Қазақстандық альпинистердің айтуынша, бұл тауға тек кәсіби альпинистер ғана шыға алады, не ешкім шықпайды.

«Альпинистер үшін ең қиыны - ауыр да, қиын маршрутты таңдап алу болды. 20 адамның күшімен шығатын тауды, 6 адам бағындырды. Бұл үлкен ерлік», деп атап өтті баспасөз мәслихатында АОСК-нің бас жаттықтырушысы Ерванд Ильиский.

«Біз Қытай елінің солтүстік жағынан шықтық. Тауға өрмелеу кезінде қиыншылықтар болды. Ауа райы да қолайсыздық танытты, тамақ пен ауыз су тапшылығын да көрдік. Бұл тауда негізінен ауа-райы қысы-жазы жаман болып тұрады, жолы да қиын. Осыған қарап, бұл тауды бағындырудың қаншалықты қиын екенін білуге болады. Шыңның басында -40 градус суық болды. Аяқ-қолымыз үсуге шақ қалды. Жолдың ортасында қалың қар жауды. Ең қорқыныштысы 18 тамыз күні қар көшкіні астында қалғанымыз болды. Одан аман шыққанымыз шынымен де таң қаларлық оқиға болды. Біз мақсатымызға жету үшін барлық күш -жігерімізді салдық»,-деді альпинист Мақсұт Жұмаев.

«Сауатты түрде ағзаны бейімдеудің арқасында біз «кислородты» қолданбай шыға алдық. Жетістікпен орындап қайтқанымызға қуаныштымыз. Әр спортшының ең үлкен арманы - олимпиада чемпионы болу болса, біздер үшін «К2» шыңын бағындыру армандарымыздың ең биігі»,-деді екінші қазақстандық альпинист Василий Пивцов.

Олардың айтуынша, экспедицияға дайындыққа екі жарым ай кеткен. Алдағы уақытта халықаралық дәрежедегі альпинистер Эверест тауының ең биік шыңын бағындыруды жоспарлап отыр.

Шара барысында Ұлттық Олимпиада комитетінің Бас хатшысы Тимур Досымбетов қазақстандық альпинистерді ұйым атынан жеңістерімен құттықтады.