«Біз жолдағы қауіпсіздік үшін!» ұранымен республикалық автожорық өтеді
Астана, Алматы қалаларында және барлық облыс орталықтарында «Біз жолдағы қауіпсіздік үшін!» атты ұранмен автожорық басталады. Бұл туралы ІІМ Жол полициясы комитетінің баспасөз қызметінен хабарланды.
Автожорық балалардың жол апаттарында жарақаттануының алдын алу және балалардың жол қозғалысы қауіпсіздігінің проблемасына қоғамның назарын аударту мақсатында ұйымдастырылып отыр. Шара жол полициясының аумақтық бөлімшелері және «Жұлдыз» балалар қоғамдық ұйымдар одағы» одағымен бірлесіп, «Нұр Отан» ХДП, Білім және ғылым министрлігінің, «Жас Ұлан» бірыңғай балалар-жасөспірім ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігінің қолдауымен жүзеге аспақ. Автожорық бағыты күніне бір-екі аудан есебімен еліміздің барлық аудан орталықтарын қамтитын болады.
Оның аясында балалардың жол бойында жарақаттануының алдын алу, соның ішінде жалпы білім беру мекемелерінің жанындағы жол жүрісін ұйымдастыру, әрбір мектепте жол жүру ережелері сыныптарын, автоалаңдар жабдықтау мәселелері бойынша жергілікті атқарушы органдардың қатысуымен педагогикалық жұмыскерлердің семинар-кеңесін ұйымдастыру көзделеді. Бұдан бөлек, бастауыш сынып оқушылары үшін ІІМ Жол полициясы комитетінің тапсырысы бойынша әзірленген «Жолдос көмекке асығады» атты анимациялық оқыту сериалының тұсаукесері жоспарланған. Ал орта буын оқушылары үшін автокөлік құралдарының жүргізушілеріне жол тақырыбына жадынамалар, буклеттер таратумен, «Біз жолдағы қауіпсіздік үшін!» флэш-моб акциясы көзделген. Автожорық 16 наурызда аяқталады.