Біз жүргізушілерге құқық беретін мәселелерге әлі күнге дейін атүсті қарап жүрміз - сенатор

АСТАНА. Ақпанның 3-і. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Біз жүргізушілерге құқық беретін мәселелерге әлі күнге дейін атүсті қарап жүрміз.

Біз ереже бұзғандардың барлығын түгел жазалай алмаймыз. Бұл мәселенің ең ойтайлы жауабы тұрғындарды жолда жүру тәртібіне үйрету. Осы мәселеге бүгін мемлекеттік органдар тарапынан жеткілікті деңгейде көңіл бөлінбей отыр. Бұл туралы бүгін Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссияның отырысында сенатор Қуаныш Сұлтанов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Оның пікірінше, жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету шараларымен тереңірек әрі жүйелі түрде айналысқан жөн. «Ал біз әзірге жол-көлік оқиғаларымен байланысты фактілерді тізбелеп қана отырған сияқтымыз. Еліміздегі жол қауіпсіздігін мынадай көрсеткіштерден-ақ көруге болады. Жаңа жыл мерекесін біз 5 күн қатарынан атап өттік. Осы 5 күнде республикада 356 жол-көлік оқиғасы орын алып, оның салдарынан 78 адам мерт болған. Ал Бейжіңде 15 миллионға жуық адам тұрады. 5 күн ішінде онда небәрі 75 жол-көлік оқиғалары орын алып, бірде-бір азамат осы оқиғалардың құрбаны болған жоқ. Осы тұрғыдан алғанда, бізге қазір бірінші кезекте көлік жүргізу мәдениетін көтеруге күш салу қажет», деді депутат.

Сондай-ақ ол елімізде жаяу жүргіншілердің құқықтары өте көп бұзылатындығын жеткізді. Сонымен қатар жолда жүру ережесіне байланысты шет мемлекеттердегі жағдайды мысалға келтірген ол Қазақстандағы жол тәртібін бұзу әрекеттерінің көптігі жүргізушілердің сауатсыздығынан екендігін атап көрсетті. «Сондықтан жол қауіпсіздігі өте маңызды мәселе», деді Қ.Сұлтанов.