Бұл туралы бүгін Астанадағы «Білім беру жүйесін жаңғырту - адами капиталдың сапалы өсуінің басты бағыты» республикалық педагогикалық тамыз конференциясында Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов мәлім етті.
«Біздің мектептерде әлі күнге дейін «оқыту сапасы» дегенді «4» пен «5-ке» оқитын оқушылар санының пайыздық қатынасы деп түсінетін ескі ұғым бар. Әлемдік тәжірибеде білім сапасы нақты критерийлерге сәйкес: Білім - түсіну - қолдану - жүйелеу және жалпылау мақсаттары бойынша бағаланады. Ал, біздің мұғалімдер «өте жақсы» деген баға сапа иерархиясындағы ең төменгі білім деңгейі үшін ғана қойылатынын білмейді. Қазіргі оқулықтарда төмен деңгейден жоғары деңгейге өтуге ықпал ететін деңгейлік тапсырмалар жүйесі жоқ»,-деді министр. Б. Жұмағұловтың пайымдауынша, сондықтан оқушылардың ҰБТ-да логикалық есептерді шығара алмауы таң қалдырмайды.
PISA зерттеулерінің нәтижесі бойынша оқушыларымыздың 65 елдің арасында 58-ші орынға ие болуы да осыған байланысты.
«Деңгейлік тапсырмалар жүйесінің болуы оқушылардың функционалдық сауаттылығын қалыптастырудың басты шарты болып табылады. Осыған байланысты мынадай тапсырмалар беремін:
1) Жоғары оқу орындарының ректорлары «Назарбаев Зияткерлік мектептеріндегі» нақты критерийлерге негізделген бағалау жүйесінің бағдарламасын енгізсін. Әлемдік тәжірибеге сәйкес педагогикалық квалиметрдің негізіне оқытсын;
2) Ұлттық тестілеу орталығы, Ұлттық білім беру статистикасы мен бағалау орталығы нақты критерийлерге негізделген бағалау тәсілдерін меңгерсін және осы бағыттағы жұмысты түбегейлі қайта құрсын;
3) Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы, «Оқулық» орталығы, Ұлттық тестілеу орталығы ғылыми негізде бақылау жұмыстарына арналған көпдеңгейлі тапсырмалар жүйесін (оның ішінде тест формаларын) енгізсін»,-деп тапсырды ведомство басшысы.