«Тапшылық деген – экономикалық термин. Қазақстанның гидрологтары су тапшылығын қалай есептеп жүр? Шамамен 4 өлшемшарт бар. Оның негізгілерінің бірі – су ағынының көлемі. Қазақстандағы су ағынының орташа көлемі 102 текше шақырым. Оны елдегі халықтың санына бөлсек, жылына бір адамға 5 мың текше метр судан келеді.. Су күйзелісінің индексі бойынша, бір адамға жылына 1700 текше метр судан келсе, бұл күйзелістің бірінші деңгеі болып есептеледі. Бізде бір адамға 5 мың текше метр су деп отырмыз. Яғни, Қазақстанда су тапшылығы жоқ», - деді су маманы Астанада өткен «Қазақстандағы су дағдарысы: су ресурстарын тиімді басқарудың жолдары қандай?» атты талқылауда.
Оның сөзінше, біздегі су ел аумағында әркелкі таралған.
«Одан кейін біздегі су тапшылығы мезгілдерге байланысты. Бір мелзгілде су мол болса, бір мезгілде аз болады. Бірақ бұл бізде су жоқ деген сөз емес. Мысалы, Біріккен Араб Әмірліктерінде бір адамға жылына 500 текше метрден 1000 текше метрге дейін су тиеді. Біздегі гидрологиялық деректерге қарағанда, Қазақстанда судың физикалық тапшылығы жоқ. Бізде судың экономикалық тапшылығы бар», - деді сарапшы.