Біздер, ғалымдар Елбасының өкілеттігін ұзарту жөніндегі референдумды қолдаймыз және оны насихаттау үшін қызмет етеміз - академик Ә.Нысанбаев

АЛМАТЫ. 17 қаңтар. ҚазАқпарат /Әділет Мұсахаев/ - "Президентіміз Н.Ә. Назарбаев «Қазақстан-2030» стратегиялық бағдарламасын ұсынғалы бері сол бағдарламаны кезең-кезеңімен табысты іске асырып келе жатырмыз", -деді ҚР ҰҒА-ның академигі, Философия және саясаттану институтының директоры Әбдімәлік Нысанбаев Алматыда арнайы өткен баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, Елбасының басшылығымен аталған стратегияның алғашқы кезеңі, яғни онжылдығы өте сәтті аяқталды. Үлкен әлемдік экономикалық дағдарыстан да аман-есен шықтық. «Елімізде экономикалық өсу бар. Президентіміздің қол жеткізген жетістігінің ең негізгісі - Қазақстанда түбірінен жаңа демократиялық мемлекет орнады», -дейді академик.

Сонымен қатар ол Президентіміздің үлкен негізге алатын қағидасы - тұрақтылық екенінін алға тартады. «Этностардың, халықтардың, мәдениеттердің, діндер арасында орнаған тұрақтылық, келісім және ынтымақтастықтың маңызы зор. Мұның бәрі болмаған жерде даму да, ешқандай реформа да болмаушы еді. Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төраға болып, Астанада Саммит өткізуінің өзі де осы тұрақтылыққа, келісімге байланысты болып отыр. Мұның халықаралық үлкен маңызы бар. Осыны біздің Елбасымыз өзінің стратегиясына негіз етіп алды», -деп атап өтті өз сөзінде Ә.Нысанбаев.

Сондай-ақ ғалым Президентімізге ешқандай балама жоқ екендігін, шетелге шыққанда, елімізді аралағанда халықтың барлығы Елбасының беделінің жоғары екендігін айтатынын атап өтті. «Енді алдымызда 2020 жылға дейінгі стратегияның екінші кезеңі күтіп тұр. Бұл аралық еліміздің тарихы үшін маңызды, шешуші рөл атқарады. Егер осы онжылдықты жақсы өткеріп, индустриялды-инновациялық бағдарламаларды іске асыратын болсақ, керемет дәулетті мемлекет орнатамыз. Ол үшін жаңа президент іздеудің қажеті жоқ. Себебі Нұрсұлтан Әбішұлының денсаулығы мықты, ой-өрісі кең, қазір әлем мойындаған тұлға. Осы сабақтастық қағиданы жалғастырып, 2020 жылға дейін сол кісінің басшылығыменн біз керемет жетістіктерге жетеміз деп ойлаймын», -дейді академик.