Бізді «Бизнестің жол картасы -2020» бағдарламасының екінші бағыты ерекше қызықтырады - БТА банктің Басқарушы директоры
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Несиелеудің базалық ставкасы бізде 16-18 пайыз. Әрине, шағын кәсіпкерлік субьектілері үшін бұл қымбат. Сол себепті «Бизнестің жол картасы - 2020» мемлекеттік бағдарламасына қатысу арқылы біз номиналдық ставканы 7 пайызға дейін төмендетуге мүмкіндік аламыз», дейді БТА банк Басқарушы директоры Марлен Жакежанов. Оның айтуынша, бағдарламаны жүзеге асыруға қатысатын банктерге қаражат жеке-жеке бөлінбейді. Ол банктердің өз мүмкіндігіне және белсенділігіне байланысты беріледі.
Бағдарламаның бірінші бағытында жаңа инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға арналған жаңа несиелерді қаржыландыру, өндірісті кеңейту және жетілдіруге 12 миллиард теңге қарастырылып отыр. Екінші бағытында, алдында берілген несие бойынша қаржыландыру ставкасы, сонымен қатар кәсіпкерлік секторға бағытталған салықтық және басқа шаралардың өтеу мерзімін ұзартуға 16 миллиард теңге бөлінбек. Ал үшінші бағытта экономиканың барлық секторында 10 пайызға жуық өндірілетін өнім-тауарлардың экспортталуымен жүзеге асатын экспорттық-болжамдық өндіріске арналған несиелік ставканы қаржыландыруға 2 миллиард теңге бөлу көзделген. «Бізде қазіргі таңда кәсіпкерлік субьектілерінің 1-ші бағыт бойынша 677 миллион теңгенің - 63, 2-ші бағыт бойынша 640 миллион теңгенің 40 өтініші бар. Ал 3-ші бағыт бойынша әзірге ешқандай өтініш түскен жоқ. БТА банкті бағдарламаның екінші бағыты ерекше қызықтырып отыр», дейді Марлен Жакежанов.