Біздің Ата заңымызға титтей де мін таға алмайсыз - Н. Акуев

АСТАНА. Тамыздың 20-сы. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - «Қазақстан Конституциясының басты құндылығы - ол елімізді тәуелсіз, дербес мемлекет ретінде танытып отыр. Конституцияны шартты түрде алғанда Қазақстан қоғамының төлқұжаты деуге болады.

Өйткені біз Конституция арқылы өзгелерге өзіміздің тәуелсіз, бостандық сүйгіш ел екенімізді дәлелдей аламыз», деді  ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының бөлім меңгерушісі Николай Акуев бүгін Астанада «Қазіргі қоғамның құқықтық мәдениетін арттыру» атты тақырыпта өткен халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция барысында, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Оның айтуынша, Конституцияның басты құндылығы ол елдің саяси, әлеуметтік-экономикалық жағдайынан бастап, азаматтардың жеке басының құқықтары, адам құқықтары жөніндегі жалпыға бірдей декларация мен халықаралық пактілердің барлығын қамтиды. «Осы тұрғыдан алғанда біздің Конституциямызға титтей де мін таға алмайсыз. Мен сіздердің Ата заңдарыңызда мынадай мәселелер жетіспейді екен деген пікірді әлі күнге естіген емеспін. Өйткені біздің басты заңымызда бәрі бар және ол барлық мәселені қамтиды. Ендігі әңгіме тек оның қалай орындалатындығына ғана келіп тіреледі», деді комиссия мүшесі.