«Осыдан ширек ғасыр бұрын ғана әлем картасында болмаған Қазақстан қазір дүние жүзіндегі 56 елдің басын қосатын Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына, 57 елді біріктіретін Ислам ынтымақтастық ұйымына абыроймен төрағалық етіп, олардың саммитін елімізде өткізіп, ұлтымыздың рухын көтеріп, жұртымыздың еңсесін биіктетті», - деді Мемлекет басшысы.
Н.Назарбаев атап өткендей, Қазақстан халықаралық ұйымдардың мүшесі атанып қана қоймай, өңірдегі қауіпсіздік пен экономиканы дамыту үшін өзге де ірі ұйымдарды құру туралы ұсыныс айтқан ел ретінде тарихта қалады.
«Қазақстан алып құрлықтағы ең түйінді мәселелерді шешетін 30-ға жуық мемлекеттің басын қосып, Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары кеңесінің құрамына қосылды. Әлемдегі ең ықпалды халықаралық ұйымдардың бірі - Шанхай Ынтымақтастық ұйымын құруда басты бастамашылардың бірі болып, бірнеше рет биік деңгейдегі саммит өткіздік. Біздің бабаларымыз ғұндар да, түріктер де, қыпшақтар да өткен замандарда Еуразиядай алып материктің басты интеграторы болған. Олар ұлы даладағы алуан тайпалардың басын қосып, берекесі қашқандар жауларына жем болған. Бізде 20 жылдан астам уақыт бойы Еуразиялық одақ туралы бастаманы табандылықпен ілгері жылжыттық. Оны бүгінгі бес мемлекеттің басын қосатын посткеңестік елдер арасындағы ең үлкен экономикалық ұйымға айналдырдық», - деді Мемлекет басшысы.