«Біз, қазақ халқы, тарихымызды, мысалы, менің замандастарым мен кейін келе жатқан інілер нағыз қазақтың тарихын білмей өстік. Қазақстанның тарихы Ресейдің тарихымен бірге немесе Қазан революциясынан басталатын. Оның ішінде қазақтың тарихы деген пән мектепте де, еш жерде де оқытылған жоқ. Бірақ біз қазақ аспаннан салбырап түскеніміз жоқ ғой, біздің ата-бабаларымыз бар (...) сол үшін қан төккен, тер төккен (...) Менің ойымша, біздің жас ұрпаққа Қазақстанның тарихы қандай екенін, тереңнен келе жатқанын білдіруіміз керек», - деді Мемлекет басшысы қазақстандық журналистердің сауалына жауап беру кезінде.
Н.Назарбаев Қазақстан тарихында ғұндар, сақтар, үйсіндер, Түрік қағанаты, оның екіге бөлінуі (батысы - Түркия, Әзербайжан, Түркменістан аумағы, шығысы - қазіргі Қазақстан), Шыңғысханның хандығы, Алтын Орда және тағы басқа кезеңдердің болғандығын еске салды.
«Соның барлығын білу керек жастарға. «Қайдан келдің, қайдан шықтың?» дегенде, олар біздің тарихымыз тереңде жатқандығын білуі тиіс. Сондықтан да Қазақ хандығының 550 жылдығын атап өту қажет және дұрыс болады деп есептеймін», - деді Президент.
Сондай-ақ Елбасы Тараз бен Астанада мерекелік шаралардың өткізілетіндігін айтып өтті.
Еске сала кетейік, кеше Н.Назарбаевтың Қытайға жасаған мемлекеттік сапары аясында ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиньмен, үш қытайлық корпорацияның (CNPC, CITIC Group, Qinghua) басшыларымен кездесулері өтіп, 12 екіжақты құжатқа қол қойылған болатын.
Сапар 3 қыркүйекке дейін жалғасады. Бүгін ҚХР Мемлекеттік кеңесінің Премьері Ли Кэцянмен кездесу өтеді. Бейсенбі күні ҚР Президенті қытай халқының жапондық басқыншыларға қарсы күресі соғысындағы Жеңісінің 70 жылдығына арналған салтанатты парадқа қатысады.
Садық Әкіжанов