Біздің елдеріміз өзара тиімді ынтымақтастықтың мол әлеуетіне ие - Норвегияның сыртқы істер министрі Йонас Гар Стор

bsp; Ақпанның 11-і. ҚазАқпарат /Ризвана Садықова/ - Біздің елдеріміздің өзара ынтымақтастықтың мол әлеуетіне ие екендігіне біз сенімдіміз - Норвегия да, Қазақстан да энергетикалық ресурстарға бай және экономикалық дамуларындағы айырмашылықтарға қарамастан, біз бір-бірімізден көп нәрсе үйрене аламыз. Норвегия Корольдігінің Сыртқы істер министрі Йонас Гар Стор мырза ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында осындай пікір білдірді.

- Мәртебелі мырза, Сіз біздің елімізге ресми сапармен келіп отырған Норвегияның алғашқы сыртқы істер министрісіз. Қалай ойлайсыз, біздің елдеріміздің саяси және экономикалық саладағы қазіргі қарым-қатынастары қандай? Сіздің ойыңызша, екіжақты қарым-қатынастардың дамуының келешектегі негізгі стратегиялық міндеттері қандай?

- Бүгінде Норвегия мен Қазақстанның арасындағы өзара қарым-қатынастар жаңаша серпінге ие болып отыр. Біздің елдеріміз бірнеше жыл бойы ынтымақтасып келеді, бірақ дәл қазір біздің қарым-қатынастарымыз едәуір алға жылжып отыр. Естеріңізге сала кетейін, 2001 жылы Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев біздің елімізге сапар жасаса, 2004 жылы Норвегия Премьер-Министрі Қазақстанда болды. Енді міне, Норвегияның тақ мұрагері Хокон Магнус, сондай-ақ мен алғаш рет елдеріңізге сапармен келіп отырмыз. Астанада Норвегия елшілігінің ашылуы және біздің сапарымыз - саяси диалогты тереңдетуге және кеңейтуге деген ықыласымызды білдіретін өзіндік саяси белгі. Біз норвегиялық кәсіпкерлердің индустрия саласындағы бастамаларына қолдау көрсетуге ниеттіміз. Елдеріміздің өзара ынтымақтастықтың мол әлеуетіне ие екендігіне біз сенімдіміз - Норвегия да, Қазақстан да энергетикалық ресурстарға бай және экономикалық дамуларындағы айырмашылықтарға қарамастан, біз бір-бірімізден көп нәрсе үйрене аламыз. Менің ойымша, Президент Н.Назарбаевпен, Премьер-Министр К.Мәсімовпен, энергетика және минералдық ресурстар, сыртқы істер, индустрия және сауда министрліктерінің басшыларымен болған келіссөздерде біз ынтымақтастықтың бірқатар өзара тиімді бағыттарын нақтылай алдық деп ойлаймын. Екіншіден, Қазақстанның ЕҚЫҰ төрағалығына кірісуі - Қазақстан үшін жауапты да, маңызды қадам. Осы тұрғыда, Сыртқы істер министрі ретінде маған, елдеріңізбен тығыз байланыс орнату маңызды.

- Норвегия қуатты мұнай-газ индустриясын құрып отыр және мұнай ресурстарын басқаруда мол тәжірибеге ие. Statoil ұлттық компаниясы осынау үдерістің маңызды құрамдас буыны болып табылады. Сіздің ойыңызша, осынау білім мен технологияларды Қазақстан қалай үйрене алады? Оған қоса, Statoil компаниясының Қазақстандағы жұмысына және компанияның ел экономикасына қосып отырған үлесіне қандай баға бересіз?

- Statoil компаниясы қайраңды игеру саласында 1970 жылдан бері тәжірибе жинап келеді және менің ойымша, компания технологиялық тұрғыдан жақсы жарақталған әлемдегі жетекші оффшорлық компания болып табылады. Дейтұрғанмен, мен бұл компания білім беру инфрақұрылымына және әлеует пен әл-ауқатты арттыруға пайда әкелетін басқа да әлеуметтік салаларға салып отырған инвестицияларымен құнды деп санаймын. Сондықтан да, бұл сапар Statoil мен «ҚазМұнайГаз» компаниясының және басқа да мұнай-газ компанияларының арасындағы ынтымақтастықтағы алғашқы және іргелі қадам болады деп үміттенемін. Менің ойымша, Statoil тікелей келіссөзге қосылу үшін «жасыл бағдаршамды» күтті және Президентпен, Премьер-Министрмен болған әңгімеден алған әсерім бойымша, қазір сол «жасыл белгі» берілді.

- Сіздің сапарыңыз Орталық Азия және ТМД кеңістігінде Қазақстанның бірінші ел болып ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуімен сәйкес келіп отыр. Осы мәселеге тоқтала кетсеңіз?

- Орталықазиялық елдің ЕҚЫҰ-ға төрағалық ету фактісін мен жоғары бағалаймын. Менің ойымша, бұл Ұйымның солтүстік-батыстан шығысқа қарай кеңейе бастауының белгісі және енді Қазақстанның шығыста саяси диалог үшін алаңы болады. Бұл жақсы белгі. Және біз де алдағы уақытта төрағалықпен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істейтін боламыз. ЕҚЫҰ саммитін шақыру туралы Қазақстан Президентінің бастамасы да бізге белгілі, егер саммиттің күнтәртібі толымды болатын болса, бұл жаман идея емес. Сондай-ақ мұндай форум адам құқықтарын, сөз бостандығын, БАҚ құқықтарын, дін еркіндігін талқылайтын өзіндік алаң бола алады және біз ондай диалогқа әзірміз.

- Сұхбатыңызға рахмет!