Біздің Қазақстанмен ынтымақтастығымыз жаңа сатыға көтерілді - Жапония Премьер-Министрі

АСТАНА. ҚазАқпарат - Жапония Премьер-Министрі Синдзо Абэ Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан Республикасының Президенті болып сайлануына орай құттықтау жеделхатын жолдады, деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі.

Синдзо Абэ Нұрсұлтан Назарбаевты президенттік сайлаудағы айқын жеңісімен құттықтады.

«Қазақстан мен Жапония арасындағы қарым-қатынастар саяси ғана емес, әлеуметтік-экономикалық салада да дамып, бұл орайдағы ынтымақтастық жаңа сатыға көтерілді. Сонымен қатар, біз халықаралық қоғамдастық аясында ядролық қарусыздану мәселесіне байланысты бір-бірімізді қолдаймыз. Мемлекеттерімізді жақындастыру мақсатында ынтымақтастықты одан әрі жандандырып, Қазақстан мен Жапонияның екіжақты қатынастарын дамытуға ниетті екенімді білдіремін», - делінген құттықтауда.

Соңында С.Абэ Мемлекет басшысына бақыт пен табыс, ал Қазақстан халқына бақ-береке тіледі.