«Біздің күшіміз-татулықта» фестивалі «Нұр Отан» партиясының 10 жылдығына арналды
15:36, 13 Мамыр 2009
КӨКШЕТАУ. Мамырдың 13-і. ҚазАқпарат /Жанмұрат Жанайдаров/ - Бүгін Көкшетаудағы «Тәуелсіздік» алаңында Ақмола облысының 70 жылдығына, Көкшетау қаласының 185 жылдығына және «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясының 10 жылдығына арналған «Біздің күшіміз - татулықта» атты облыстық жастар фестивалі ашылды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.Жастар басқосуына өңірдің барлық аудандары мен Көкшетау, Степногор және еліміздің он қаласынан, Ресейдің Омбы қаласынан 300-ге тарта жеткіншек қатысуда. Фестиваль аясында сан алуан спорттық, зияткерлік, шығармашылық сайыстар қарастырылған. Үш күндік жастар мерекесі барысында «Жастарды ауылға тарту», «Жастар және Қазақстан Республикасының мәдени-саяси даму болашағы» республикалық пікір сайыс, «Жастар Қазақстанның болашағы» көңілділер мен тапқырлар байқауы, «Сүйіспеншілікпен - Ақмола» жастар дискотекасы, қолданбалы өнер туындылары көрмелері, спорттық жарыстар ұйымдастырылмақ. Жастар фестивалінің алғашқы нәтижелері бойынша Еңбекшілдер ауданынан «Балауса», Щучьеден «Импульс», Есіл ауданынан «4 күн», Көкшетаудағы бірінші кәсіптік лицей командалары жүлделі орындарға иелік етті. Жеткіншектерді бүгінгі той-думандарымен құттықтаған облыс әкімі Альберт Рау «Нұр Отан» ХДП-ның 12-ші сьезіне лайықты тарту әзірлеп отырған партияның ізбасарлары - «Жастар қанаты» бірлестігінің барша мүшелеріне табыс төрінен көрініп, жеңістен жеңіске жете берулеріне, Елбасы бастап отырған партия қатарына топтаса түсулеріне тілектестігін білдіріп, жеңімпаздарға бағалы сыйлықтар мен дипломдар табыстады. Жастар фестивалі ән мен би кешіне ұласты.