Қазақша википедия жобасының іске асып жатқанына 1,5 айдай уақыт болды. Википедияның ішінде қазақша бөлімнің жұмыс істеп келе жатқанына 7 жылдай уақыт болған, оның ішінде 7 мыңдай таза қазақ тіліндегі мақалалар болған еді. Осы қазақ википедиясын дамыту бағытында WikiBilim қоры құрылған болатын. Қор жетекшісі Р.Кенжеханұлының айтуынша, қазір бұл жобаны дамытуға мемлекет тарапынан да, жекелей компаниялардан қолдаулар көрсетілуде.
"Біз жыл соңына дейін қазақша материалдардың санын 200 мыңға жеткіземіз деген едік, алайда оған жетпеуі де мүмкін. Дегенімен адамдардың осы сайтқа кіріп, материал беруі ұлғаятындығы белгілі. Қазіргі кезде негізгі аудиториямыз студенттер мен мектеп оқушылары болғандықтан, олар әзір демалыста жүр", -дейді Қор жетекшісі.
Қазір бұл жоба аясында, Қазақ энциклопедиясы берген электронды мақалаларды салу ісі жүріп жатыр. Оған қоса әлі аймақтық және салалық энциклопедиялар бар. "Бұлардың бәрін қосқанда біз 80 мыңнан аса алмаймыз. Бұл бүгінгі күнде қолымызда бар материалдар. Қалғандары өзге тілдерден аударылып келетін материалдар болуы тиіс. Сондықтан көпшіліктің назарын өзімізге аудартып, бастаған ісімізді одан әрі дамытуымыз қажет", -деп атап өтті Р.Кенжеханұлы.
Қор жетекшісі сонымен қатар журналистерге салынған материалдарды сынаған кезде оларға түсінушілікпен қарауды өтінді. "Википедияны мемлекет немесе белгілі бір топ жасамайды, оны тек пайдаланушылар жасайды. Егер әр адам соған кіріп, өздері бір-бір материалдан салып отырса, сапа да түзелер еді", -дейді ол.
Р.Кенжеханұлы сондай-ақ қазақ тілді википедияны дамытуға қазақ тілін жетік білетін мамандар, филологтар, лингвистер, сол салада көп жылдардан бері жұмыс істеп жатқан, терминкомдарға мүше адамдар, Алматыдағы тіл білімі институты өкілдері тартылуы тиіс, бірақ олар қазіргі күні қатты белсенділік танытып отырмағандығын айтады. "Олар интернеттің философиясын біле қоймас, дегенімен қазақ сөздерінің ұғымын, құрылымын жақсы біледі. Егер олар қатыспаса жасаған тіршілігіміз жасанды, уақытша немесе орта қабылдамайтын дүние болып шығады", -дейді WikiBilim жобасының жетекшісі.