Бұл жайында «Adiana Sport Story» ЖШС-нің директоры Мәди Оспанов бүгін Алматыдағы «Футбол алаңдары мен жасанды шөп. Құрылыс пен күтім» атты семинар барысында мәлім етті.
Ол Елбасы спортты дамытуға үлкен мән беріп отырғандығын айта келе бүгінгі шараны еліміздің футбол федерациясымен бірігіп өткізіп отырғандығын атап өтті. "Біздің мақсатымыз - спорт кешендерін салып қана қоймай, халықаралық стандарттарға сай етіп салу", - дейді М.Оспанов.
«Adiana Sport Story» компаниясы ашық спорттық алаңдарды салумен және олардың едендерін жасанды төсеншелермен жабдықтаумен айналысады. Сондай-ақ компания 64 теннис алаңын жасанды төсенәштермен қамтамасыз етіп, спорт алаңдарын паркеттермен де қаптау қызметін көрсетеді екен.
Аталған шара барысында әлемнің 60-қа жуық елін жасанды төсеніштермен қамтамасыз етіп отырған "ACT Global Sports" компаниясы өз өнімдерінің таныстырылымын жасады.
"Бүгінгі күні дүниежүзі бойынша спорттық алаңдарды жасанды төсеніштермен жабдықтауда біздің компания көш бастап тұр. ФИФА қазіргі таңда 5 компанияның өнімін жоғары бағалап, таңдаған болатын. Біз сол компаниялардың қатарынан табылдық. Өйткені біздің өнім барлық халықаралық талаптарға сай", - дейді "ACT Global Sports" компаниясының басшысы Уил Дитзел.
Оның айтуынша, жасанды төсеніштер түрлі ауа райы жағдайына, яғни, ыстық, суық климатқа төтеп беретін, әрі спортшылардың жүгіруіне де жайлы болуы тиіс. Тіптен доптың алаңда еркін домалауы да өте маңызды.
«Adiana Sport Story» ЖШС-нің директоры Мәди Оспанов мұндай шараларды өткізу тәжірибе алмасу мен соңғы үлгідегі жабдықтарды пайдалануда өте маңызды екендігін айтады. «Спорт алаңдарын жаңа құрылғылармен қамтамасыз ету спортшыларымыздың әлемдік додаларда жоғары нәтижелер көрсетуіне септігін тигізеді», - дейді ол.