Бірақ қалай болғанда да, біз алдағы Азиадада үшінші мәрте жеңіске жету міндетін қойып отырмыз». Хоккейден Қазақстанның әйелдер құрамасының жаттықтырушысы, «Айсұлу» хоккей клубының директоры Александр Мальцев «ҚазАқпарат» тілшісіне берген сұхбатында осылай деді.
- Александр Иванович, Қазақстанның әйелдер құрамасы туралы айтып берсеңіз. Ойыншылардың арасынан кімдерді бөле-жара айтар едіңіз?
- Құрама бүгінде толық жасақталып бітті - кеңейтілген тізімге 30 адам кіріп отыр. Олардың арасынан командада көп жылдар бойы ойнап келе жатқан Наталья Яковчук, Ольга Потапова, Виктория Сазонова, Ольга Крюкова, Ольга Конышева, Виктория Мусатаев сынды спортшыларды ерекше атап өтер едім. Тағы бір айта кететін жайт, Виктория Мұсатаева төрт Азиада ойындарына қатысқан ойыншы. Ал жас ойыншылардың ішінен Ғалия Нұрғалиеваны, Зарина Тоқтиеваны, қақпашы Дарья Обыденоваларды бөле-жара атап өткім келеді. Қазақстанда әйелдер хоккейі дүниеге келген 15 жылдың ішінде біздің ұлттық құрама белгілі бір жетістіктерге қол жеткізіп отыр, соңғы Әлем чемпионатында біз алтыншы орынға табан тіредік. Әрине, біз әлі де болса тұрақты жетістіктер көрсете алмаудамыз, бірақ соңғы үш жылда құрама жоғары дивизионнан түспей келеді. Қысқы Азиада ойындарына төрт рет қатыстық: 1996 және 1999 жылдардағы ойындарда үшінші орын алдық және олар біздің алғашқы қадамдарымыз болатын. Ал 2003 және 2007 жылдарда өткен бесінші және алтыншы Қысқы Азия ойындарында біздің команда алтын медальдарды қанжығасына байлады.
- Қыздар командасын жаттықтыру қиын емес пе? Себебі, өмір бір орында тұрмайды, хоккейші қыздар да тұрмысқа шығады, өмірге ұрпақ әкеледі дегендей...
-Әрине, бұл тұрғыда қиыншылықтар бар. Қыз-келіншектердің қоғамда өз рольдері бар екенін біз түсінеміз және оған дайынбыз. Кейбіреулері отбасы мен спортты қатар алып жүре алса, енді біреулеріне отағалары хоккеймен айналысуға рұқсат бермей жатады. Мен оны түсінемін, әйелі үнемі үйде болмаған, баласы анасын сирек көретін отбасына қиындау. Егер мүмкіндіктері болып жатса, қыздар жарыстарға балаларын өздерімен бірге алып жүреді. Мысалы Азиялық жарыстардың біріне Ольга Крюкова емшектен шықпаған баласымен барды. Ал қазір Вика Мұсатаеваның нәрестесі бар және Еуролиганың бірінші кезеңіне барарымызда Вика да сәбиін өзімен алып жүретін болады. Хоккей - спорттың қиын түрлерінің бірі, бірақ соған қарамастан, қыздарымыз ер азаматтармен тең ойын көрсетуде, тіпті кейде олардан артық ойнамаса, кем түспейді.
- Қазақстанда қыздар хоккейін дамыту ісі қалай, қандай да бір қиыншылықтар бар ма?
- Қазақстандық қыздар хоккейінің спорттық орталығы да, алдыңғы шебі де Алматы болып табылады. Сондай-ақ бізге аймақтар -Өскемен, Рудный, Қарағанды қалалары белсенді қолдау көрсетіп отыр, спорттың бұл түрі алдағы уақытта Астанада да дамуы ықтимал. Қыздар хоккейімен айналысқысы келетіндер жеткілікті, бірақ Қазақстанда спорттың бұл түрін мейлінше кеңірек дамытуға жағдай жоқ - мамандандырылған мектептер жоқ. Айталық ерлер хоккейіндегідей мектептер бізде де болғанын қалаймыз. Бұл мәселеге терең назар аударып жатқандар аздау, қыздар хоккейін көбіне есепке ала бермейді, негізгі назарды ұл балаларға аударып жатады. Осы тұрғыдан ұлдар да, қыздар да бара алатын бірлескен спорттық топтар құру керек, бірақ бұл келешектің үлесіндегі іс. Әзірге Өскемендегі бөлім мен Еуропа чемпиондары кубогының қола жүлдегері - біздің алматылық «Айсұлу» клубы ұлттық құраманың негізін құрап отыр.
- «Айсұлу» клубының келешек жоспарлары қандай?
- Әзірге өз хоккей мектебімізді құруды мақсат етіп отырмыз, бірақ бұл мәселенің де түйіні базаға тіреліп отыр. База болған кезде, біз өз топтарымызды құрып, оларды басқара алатын боламыз, өз резервтерімізге қол жеткіземіз. Біз сондай-ақ екінші клубтық жастар командасын құруды жоспарлап отырмыз.
- Спорт сарайы қазір қайта жаңартылуда. Сіздер қазір қайда жаттығып жатырсыздар?
- Шын мәнінде, жаттығатын орын жетіспеушілігі жоқ емес, бірақ «Ақтұлақ» спорттық-сауықтыру кешенінде жақсы база бар, біз сонда жаттығып жатырмыз. Жаңарту жұмыстарынан кейін Спорт сарайы барлық халықаралық талаптарға сай болады деп үміттенеміз.
- Алдағы Азиада ойындарында кімдер негізгі қарсылас болады деп санайсыз?
- Ең алдымен - Жапония және Қытай командалары. Сондай-ақ Солтүстік Кореяның қыздарын да есептен шығаруға болмайды. Оңай ойын болмайтыны анық, командалардың күштері өзара тең. Сондықтан да кімнің жеңіске деген талпынысы күшті болса, сол жеңіске жетеді.