деді Трансфузиология ғылыми-өндіріс орталығының директоры Жандос Бүркітбаев бүгін Астанада өтіп жатқан «Трансфузиялық терапия қауіпсіздігін қамтамасыз етудің қазіргі заманғы технологиялары» атты тақырыптағы республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция барысында.
Орталық директорының сөзіне қарағанда, донация дайындау ісінде астаналық Қан құю орталығы қол жеткізіп отырған жетістік негізінен елордада жаңадан ашылып жатқан денсаулық сақтау нысандарымен байланысты. Сол себепті де Астанада донация көлемі 1 мың адамға шаққанда 53-тен келеді. Ал республика бойынша бұл көрсеткіш мың адамға 18 донациядан келіп отыр. «Естеріңізде болса, 2007 жылы Оңтүстік Қазақстан облысында нәрестелердің АҚТҚ індетіне шалдығу жағдайынан кейін Мемлекет басшысының тапсырмасымен 2008-2010 жылдарды қамтитын қан құю қызметін жетілдіру бағдарламасы жасалды. Осы бағдарламаның ықпалымен еліміздің 10 аймағында заманға сай жаңа қан құю орталықтары салынды. Осы бағдарламаның аясында қан құюшы мамандардың біліктіліктерін арттыру үшін мемлекет қомақты қаржы да бөлді. Нәтижесінде республикада 170-тен астам мамандар трансфузиологияның түрлі бағыттары бойынша алыс, жақын шет мемлекеттерден білім алып келді»,-деді орталық директоры.
Сондай-ақ оның айтуынша, қан құю қызметін жетілдіруге арналған бағдарлама елордада қан құятын жаңа орталық бой көтеріп, қанның жаңа компонеттерін шығаруға қолайлы жағдай тудырып, жұмыс өнімділігін талапқа сай жүзеге асыруға мүмкіндік берді. «Біздің Орталықтағы қан компоненттерін дайындау жағдайы ең жоғары талаптарға жауап береді»,-деді Ж.Бүркітбаев.
Сондай-ақ жиын барысында елдегі қан құю орталықтарына байланысты жағдай жөнінде баяндаған Орталық директорының мәліметтерінше, бүгінде республикада 23 қан құю орталығы бар. Олардың 15-і облыстарда және Алматы қаласында орналасқан. Сондай-ақ Астанада трансфузиологиялық ғылыми-өндіріс орталығы бар. «Ал қан құю мәселесіне арналған осыншама жоғары деңгейдегі алқалы жиын елімізде алғаш рет ұйымдастырылып отыр»,-деп атап көрсетті Ж.Бүркітбаев.