Біздің тарапымыздан дауыс беру барысына еш сын-ескертпе жоқ - қырғыз байқаушысы

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қырғызстандық байқаушылар тарапынан Қазақстанда өтіп жатқан сайлауға қатысты еш сын-ескертпе жоқ. Бұл туралы бүгін Қырғызстан Республикасы Орталық сайлау және референдумдар өткізу комиссиясының мүшесі Рашид Бекбасаров айтты.

«Бүгін біз бірнеше сайлау учаскесінде болып, өте жақсы әсерде қалдық. Мені таңғы сағат 7.00-де сайлау учаскелері ашылған сәттен бастап дауыс берушілердің легі көп болғандығы таң қалдырды. Мәселен, Назарбаев университетіндегі сайлау учаскесінде небәрі 50 минуттың ішінде 400 адам келіп өз дауысын берді», - деді ол

Оның атап өтуінше, сайлаушылар өте белсенді, сайлау штаттық режімде өтіп жатыр. Барлық учаскелер жақсы дайындалған, ақпараттық қолдау да сәйкесінше орналастырылған.

«Сайлау процесіне қатысушыларға арналған әдістемелер мен жадынамалар да өте жоғары сапада дайындалған. Сайлауға дайындық шаралардың өте байыпты жүргізілгендігі көрініп тұр. Біздің тарапымыздан дауыс беру барысынна еш сын-ескертпе жоқ. Мерекелік көңіл күй анық байқалады», - деді Р.Бекбасаров.