«Егемен Қазақстан» газетінің бүгінгі санында «Төрағалық деп осыны айт!» деген тақырыппен ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Александр Козловский, ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясының құрметті төрағасы Жоао Соареш және ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясы төрағасының орынбасары, сенатор Бенджамен Кардинмен арадағы блиц-сұхбат жарық көрді. ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасы, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы - Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаевтың Норвегия Корольдігіне ресми сапары аясында орайы келген сұхбатты аталмыш мақаладан оқи аласыздар.
«ЕҚЫҰ Іс басындағы төрағасының созылмалы жанжалдарды реттеу жөніндегі арнаулы өкілі, Елші Болат Нұрғалиев Приднестровье жанжалын реттеу бойынша "5 2" тұрғысындағы үдерістің жалғасуын құптап, ресми келіссөздерді қайтадан бастауға шақырды», деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті. «ЕҚЫҰ-ның Венадағы хатшылығында "5 2" тұрғысындағы екі күндік бейресми кездесуге Молдова Республикасы мен Приднестровье тараптары, сондай-ақ Ресей Федерациясы, Украина, Америка Құрама Штаттары, Еуропалық одақ және ЕҚЫҰ секілді араағайын және бақылаушы елдер мен ұйымдардың өкілдері қатысты. Оған қатысушылар қазіргі саяси оқиғалар мен Молдовадағы, сол секілді Приднестровьедегі сайлаулар, келіссөздер қызметінде үзіліс туғызбауға тиіс деген уағдаластыққа қол жеткізді», делінген басылымның «Приднестровье бойынша келіссөздер», деген тақырыппен берілген мақаласында.
***
«Сенат кеше балалар құқын қорғауды қамтамасыз етуге бағытталған заң жобасын екінші оқылымда талқылап, бірқатар түзетулерімен Мәжіліске кері қайтарды. Дегенмен балаларды қорғауға қатысты, әсіресе, педофилдық зорлық-зомбылық жасаған қылмыскерге берілетін жаза, салатын шектеу бойынша жоғарғы палатаның пікірі екіге жарылды», деп жазады «Алаш айнасы» газеті жұма күнгі нөмірінде. Бұл материал «Педофилдардың жазасы сенаторлардың мазасын алды» деген тақырыппен берілген. Басылымның атап өтуінше, заң жобасы кәмелетке толмағандардың құқықтарын, бостандықтарын, мүдделерін қорғау деңгейін арттыруды мақсат тұтып отыр. Бұл ретте осы құжат арқылы басты үш мәселені шешу көзделген. Мақаланың байыбына барғыңыз келсе, «Алаш айнасы» газетінің бүгінгі санын қараңыз.
Осы басылымның тұрақты «Дат!» айдарында «Тұран» университетінің ректоры, ҚР Жоғары оқу орындары қауымдастығының президенті, экономика ғылымының докторы, профессор, академик Рахман Алшановтан алынған сұхбат жарияланды. «Бізге дамудың инновациядан басқа жолы жоқ», деген тақырыппен берілген материалды. Р. Алшанов: «Бізде 2 миллион адам өз-өзін жұмыспен қамтушылар деп саналады. Міне, соларға жаңа өндірістер, жаңа салалар ашып беру керек. Яғни, бізде жоқ өндірістерді ашу қажет. Ал жоқ өндірісті ашатын - білім мен ғылымға сүйенген жастар. Сол үшін құзырлы ведомстволар деңгейінде бұл арада ауқымды, жүйелі мәселелерді шешу өздігінен сұранып тұр», - дейді.
«Айқын» газетінің дәстүрлі «Ақ сөйле!» айдарының бүгінгі қонағы «Астана-Көгалдандыру құрылысы» АҚ-ның бас директоры Жарқын Жұмағұлов. Одан алынғансұхбат «Астананың көгалы жаңбыр суынан гөрі, маңдай термен көбірек суарылады» деген тақырыппен берілген. Елорданы жасыл желекке орап, көркейе түсуіне үлес қосып жүрген мамандар, сондай-ақ қаланың келбетін әрлендіре түсетін гүлзарлар жайында егжей-тегжейлі хабардар болғыңыз келсе, жоғарыдағы сұхбатқа зер салыңыз.
«Кәсіпқой бокстан IBF тұжырымы бойынша жартылай орта салмақтағы әлем чемпионы америкалық Таворис Клауд келесі жылы қазақстандық Бейбіт Шүменовпен жұдырықтасуы мүмкін», деп жазады «Айқын» газеті. Басылымның баяндауынша, әлемге әйгілі НВО телеарнасы келесі жылы Таворис Клаудтың жекпе-жектерін ұйымдастыруға құлшыныс білдірген. Осы әңгіме шыққан кезден бастап Клаудтың командасы Чед Доусон, Адриан Диакону, Лучан бут сынды белді былғары қолғап шеберлерімен келіссөздер жүргізуде. Айтулы боксшының болашақ қарсыластарының бірі ретінде Б.Шүменовтің де есімі аталуда.
***
«Казахстанская правда» газетінің жазуынша, кеше Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезі Хатшылығы Жұмыс тобының мүшелерін қабылдады. Қазанның 13-14-інде өткен Жұмыс тобының отырысында Діни лидерлер кеңесінің қызметі туралы Тұжырымдама жобасы бекітілген. Бұл құжатты әзірлеу туралы Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев бастама көтерген болатын. Төраға Тұжырымдаманың Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің 2012 жылы болатын IV Съезінде бекітілетінін айтқан. Хатшылықтың 2011 жылғы мамырда болатын келесі отырысында Діни лидерлер кеңесінің Тұжырымдамасын қабылдаудың нұсқасын, IV Съездің өтетін мерзімін, тақырыбы мен күн тәртібін белгілеуді талқылау жоспарланып отыр.