«Бізге кәсіби тарихшылар керек» - баспасөзге шолу
***
«Егемен Қазақстан» газетінің жазуынша, қарағандылық ғалымдар тағы да бір бірегей дәрі ойлап тапты. «Цитофат» деп аталатын препарат қазір Назарбаев Университеттің медициналық орталығында клиникалық сынақтан өткізілуде.
Жаңа дәріні жасап шығаруды алдымен қолға алған - белгілі ғалым, химия ғылымдарының докторы, академик, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қарағанды мемлекеттік техникалық университетінің ректоры Арыстан Ғазалиев. Арыстан Мәуленұлы препаратты жасап шығару жолындағы жұмыстарын, тіпті, осыдан ширек ғасырдай бұрын, ҰҒА Органикалық синтез және көмір химиясы институты директорының орынбасары қызметін атқарып жүрген шағында бастаған екен. Қызметі ауысса да мақсатынан танбаған ғалым бұл жұмысқа ҚарМТУ жанындағы ғылыми-зерттеу институтының химик ғалымдарын, магистранттары мен студенттерін де тартқан.
Ғалымдардың айтуынша, жаңа препарат отандық фармацевтика саласына соны серпін беруі тиіс. «Цитофат» бүгінгі қоғамда әлеуметтік дертке айналған бауыр ауруларын емдейді. Оның үстіне, бағасы да қарапайым халық үшін қымбат болмайды. Өйткені, дәрі Қазақстанның оңтүстік өңірлерінде өсетін өсімдік - термопсистен жасалады екен.
Клиникалық сынақтар бірнеше айға созылуы мүмкін. Себебі, қанша дегенмен, күні ертең адам ағзасына сіңірілетін зат болғандықтан, оны жан-жақты тексеруден өткізу әбден керек. Сәтін салып, оң нәтиже беріп жатса, дәріхана сөрелеріндегі импорт дәрілердің біразын осы қарағандылық препарат ығыстыруы ғажап емес. Бұл материал «Жаңа препарат» деген тақырыппен берілген.
Бас басылымда «Жеребе тартылды» атты мақала жарияланды.Астанада Қазақстан бокс федерациясы кубогы жарысының жеребесі тартылды. Биылғы жылы да қалыптасқан дәстүр бойынша Астана мен Алматы қалаларының және 14 облыстың командалары төрт топқа бөлінді.
А тобына Алматы, Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан облыстары мен Алматы қаласының командасы түсті. В тобында Маңғыстау, Жамбыл, Павлодар мен Ақтөбе облыстарының боксшылары шаршы алаңға шығатын болса, С тобындағы жарысқа Қарағанды, Қызылорда, Қостанай облыстары мен Астана қаласының командасы қатысады. D тобында Оңтүстік Қазақстан, Ақмола, Атырау мен Батыс Қазақстан облыстарының құрамалары өнер көрсетеді.
А тобының айқастары - Талдықорғанда, В тобының жекпе-жектері Ақтауда өтсе, С тобының командалары - Қызылордада, D тобына түскен облыстардың жасақтары Көкшетауда шаршы алаңға шығады. Бұдан кейін 8-11 қыркүйек күндері А және С, В және D тобында жеңген командалар ширек финалда кездеседі. Олардың жеңгендері жартылай финалға шығады. Мемлекеттік жаттықтырушы Болат Абдрахманов жарыстың ережесі бойынша, әрбір командада 20 боксшы болуы керек екенін айтады. Соның ішінде 10 боксшы негізгі құрамда, 10 былғары қолғап иесі резервте болады.
Командалар кездескенде боксшылар 10 жекпе-жек өткізеді. Егер кездесу 5:5 есебімен тең аяқталса, қосымша жекпе-жек өтеді. Оның қай салмақта болатыны жеребеде шешіледі. Сол кезде А тобының командасы 64 килоға дейінгі салмақтағы боксшысын, В тобы 56 кило, С тобының құрамасы 81 килоға дейінгі, D тобының командасы 69 килоға дейінгі салмақтағы өкілін дайындап қоюы тиіс.
Жарыстың жартылай финалы мен финалы 14-15 желтоқсан күндері өтеді. Финалдың қай қалада болатыны әзірше белгісіз. Оны кейінірек Қазақстан бокс федерациясы хабарлайды.
Биылғы кубоктың иегеріне 25 миллион теңге табыс етіледі. Былтырғы жарыста да кубокты жеңіп алған Оңтүстік Қазақстан облысының командасы осыншама соманы иеленген болатын.
***
«Айқын» газетінде «Ақиқатқа айналмаған аңыз немесе Бердіқожа батырдың бейіті қалай қазылды» деген мақала көпшілік назарына ұсынылып отыр. Қазақтың кең даласында талай сырды ішіне бүкіккен мәлім де, беймәлім бейіттер көп. Бір қызығы, мүжіліп, қисайған молалардың басына ешқандай белгі қойылмаса да, сол төңіректе қоныстанған көнекөздер онда кімнің жерленгені туралы ауыздан ауызға, атадан балаға жеткен аңыздарға сүйеніп айтып береді.
«Егер ғылым осы дүниеге шындап бет бұрса ұлт тарихы сүбелі де, сүйекті деректермен толығуы мүмкін бе?... Тіпті кейбір баһадүрлердің жерленген моласына қатысты екіұшты әңгімелер көп. Дегенмен артынан аңыз қалдырған тұлғаларды тарихтан аршып алудың алғашқы қадамы басталды десек те болғандай. Жыр дастанда да, көрші мемлекеттердің жылнамаларында да аты жиі аталатын Шанышқылы Бердіқожа батырдың бейітін Ә. Марғұлан атындағы археология институты қазып алып, сүйектің ДНҚ-сын зерттеп, халық арасындағы аңыз бен ақиқаттың арасын ашты. Сонымен тарихта Шанышқылы Бердіқожа батыр кім?»,-деп жазады басылым.
***
«Ана тілі» газетінің соңғы санында белгілі тарихшы Бейімбет Ермұқановпен арадағы сұхбат жарияланды. Тарих ғылымының докторы, профессор. Жалпы тарих және Қазақстан тарихы бойынша білікті ғалым.
«Менің ойымша, тарих мәдениеттің ең бір негізгі көрінісі, ал тарихты бұрмалайтын көргенсіздер, мәдениеттен хабары жоқ адамдар. Тарих ғылым ретінде өз тәуелсіздігін сақтау қажет. Әйтпесе, ол тарих болмайды. Кез келгеннің қанжығасына ілініп кететін олжа болады. Біздің тарих өз сорпасына өзі қайнаған, шынына келгенде, халықаралық сатыға көтерілмеген тарих, зерттеулеріміз - өз аймағымыздың мәселесі, үлкен философиялық ой-пікір зерттеулер де сирек кездеседі. Тарихшыларымыздың көбі, әсіресе, жасы келгендер шет тілін білмейді, тіпті білгісі де келмейді. Оның орнына шолақ белсенділік, пысықтық қасиетімен шенеуніктерге жағынып, тарихты бұрмалап, діні үшін емес, күні үшін қызмет жасап жүргендер де бар. Елімізді де, мемлекетімізді де, тарихымызды да нығайтып, дамытатын өзіміз, сондықтан да қажырлы еңбек, білім, кәсіпқойлық сана - осының өзі әлемдік деңгейге апаратын бір-ақ шарт»,-дейді ғалым. Осы жайында «Бізге кәсіби тарихшылар керек» атты сұхбаттан толық оқи аласыздар.