Бізге қазақ тілді жобаларды көбейту қажет - Ләззат Танысбай

АСТАНА. ҚазАқпарат - «Астана» арнасының бас директоры Ләззат Танысбайдың айтуынша, бүгінде теледидар саласында қазақ тілді жобаларға сұраныс жоғары. Алайда арналар тарапынан ұсыныс аз болып тұр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бүгін менің әріптестерім өз жобаларын таныстырды. Алайда оның ішінде мемлекеттік тілде жобалар аз. Негізі, бүгінде қазақ тілді көрерменнің тарапынан ондай жобаларға сұраныс жоғары. Бірақ біз оны толтыра алмай отырмыз. Алдағы уақытта осы мәселеге баса назар аударып, қазақ тілді жобаларды көптеп шығару қажет», - деді Танысбай бүгін «Astana Media Week» апталығы аясында теледидар мәселелеріне арналған сессияда. Осы орайда арна басшысы сериалдар саласындағы қазақ тілді жобаларды мысал ретінде келтірді.

Оның айтуынша, осы уақытқа дейін «Астана» арнасы біраз сериалдарды түсіріп шықты. Соның ішінде «Жібек» сериалы рейтингте бірінші орыннан түспей келеді.

«Осының өзі мемлекеттік тілде түсірілген жобаларға деген жоғары сұраныстың дәлелі болса керек», - деп атап көрсетті Танысбай.

Айта кетейік, бүгін Астанадағы «Қазмедиа» орталығында «Astana Media Week» апталығы басталды .  Шараны ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев ашты . Үшкүндік шара аясында бұқаралық ақпарат саласындағы өзекті мәселелер, сондай-ақ ақпараттық теxнологиялардың даму болашағы кеңінен талқыланады. Осыған орай, журналистер мен коммуникациялар саласының мамандарына арналған мастер-класстар өтеді. Аймақтық бұқаралық ақпарат құралдарының форумы да ұйымдастырылады. Ал Astana Digital Forum-да цифрлық маркетинг, коммуникациялар саласындағы тың жобалар, мессенджерлер мен чат-боттар, Telegram арқылы табыс табу көздері, Қазақстандағы криптовалюталар нарығының дамуы, электронды БАҚ, әлеуметтік желілер мен блогерлер, интернетте бизнес ашу жолдары және тағы басқа өзекті мәселелер талқыға салынады. Осы жиынға отандық және шетелдік сарапшылар шақырылып отыр