Бізге қазақтану, таланттану, тұлғатану бағытында әлі көп жұмыстар атқару қажет - Алаш арыстарының ғылыми-педагогикалық мұрасын зерттеу орталығының директоры

;АЛМАТЫ. Қарашаның 14-і. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Халықпен тікелей желі арқылы сұхбаттасу кезінде Елбасы өз тарихын білмеген елдің болашағы  бұлыңғыр екенін айтты.

 Біз өз тарихымызды танып білу үшін ең алдымен қазақ даласынан шыққан тұлғаларды халыққа танытуымыз керек. Олардың көбі жалпы көпшіліке әлі белгісіз боп қалуда,  дейді ҚазАқпарат тілшісіне сұхбат берген Қазақтың Абай атындағы ұлттық педагогикалық университетінің жанындағы Ахмет  Байтұрсынов атындағы Алаш арыстарының ғылыми-педагогикалық мұрасын зерттеу орталығының директоры Дана Мұқатова.

 Қазақстан Президенті «Мәдени мұра» бағдарламасын жүзеге асыруға мемлекеттік бюджеттен бірінші кезеңде 2 миллиард 700 мың, ал екінші кезеңге 4 миллиард теңге көлемінде қаржы  бөлінгенін айтты. Тарих ғылымының кандидаты Дана Мұқатқызының айтуынша, Алаш мұраларын жинауда Ахмет  Байтұрсынов атындағы Алаш арыстарының ғылыми-педагогикалық мұрасын зерттеу орталығы алдында әлі шешімін таппаған бірқатар қиындықтар бар. Оның біріншісі - зерттеушілердің аздығы, екіншісі - мұрағатта жатқан құжаттардың барлығы бірдей олардың қолына түсе бермейді, үшіншісі - оларды жинап,  жалпы жұртшылыққа көрсетудің жүйесі жолға қойылмаған. 

 «Алаш мұралары дегенде көп адамдар  20 ғасырдың бас кезіндегі Алаш қозғалысының өкілдері  деп түсінеді.  Ол    қазақ даласындағы барлық әйгілі тұлғаларды қамтиды. Бізге  қазақтану, таланттану, тұлғатану бағытында әлі  көп жұмыс істеу керек. Олардың көбі ашылмай жатыр. Бұл ғалымдардың, зерттеушілердің алдында тұрған басты мәселе», дейді Алаш арыстарының ғылыми-педагогикалық мұрасын зерттеу орталығының директоры.