Бизнес ашам деп мемлекеттен алған ақшаны қара басына жұмсайтындар бар
АҚТӨБЕ. KAZINFORM — Кондитерлік өнім жасау және қыз жасауын дайындау бизнес жоспары өте көп. Қайтарымсыз грантқа массаж аппараты мен кір жуу машинасын сатып алғысы келетін адамдар да бар. 400 АЕК кімдерге тиесілі және әйелдер жиі ұсынатын жобалар қайсы? Kazinform тілшісі сұрап білді.
Грант кімдерге беріледі?
Ақтөбе облысында былтыр 566 адам қайтарымсыз грант иеленді. 2024 жылы 400 АЕК, яғни, 1 476 800 теңге қарастырылған.
Грант кез келген адамға берілмейді. Адам жұмыссыз болуы тиіс әрі осал топтың біріне кіруі керек.
— Көпбалалы отбасы, мүгедектігі бар адам, мүгедектігі бар баланың асыраушысы, яғни, ата-анасы, қандастар, атаулы әлеуметтік көмек алатындар мен асыраушысынан айырылған әйелдер қатыса алады. Жұмыссыз болуы шарт. Екі санаты болса ғана Enbek.kz электронды еңбек биржасына жұмыссыз ретінде тіркеледі. «Бастау бизнес» курсын онлайн оқиды. Оқыту 14 күнге арналған. Еңбек мобильдігі орталығының мамандары жүйеге тіркейді, кілтсөзді береді. Қатысушы 14 күнге арналған курсты бір аптада да меңгеріп шыға алады. Жеке кәсіп ашу, тіркеу, бизнесті жүргізу жолы үйретіледі. Әр кезеңде сұрақтарға жауап беріп, соңында емтихан тапсырады. Егер емтихан тапсыра алмаса, курсқа қатысқаны туралы ақпарат көрсетіледі. Ал курстан сүрінбей өтсе, дайын сертификат біріледі. Бұл - қайтарымсыз грант алуға қажетті құжаттың бірі. Кейін бизнес жоспарын құрады, — дейді Ақтөбе облысы бойынша еңбек мобильдігі орталығының директоры Венера Урумбаева.
Бизнес жоспар құру мен оны іске асыру
Қайтарымсыз грант қаржысы бизнесті бастауға арналған құрал-жабдық, техника, түрлі аппарат алуға арналған. Бизнес жоспарда техниканың маркасы да жазылуы тиіс.
Сатып алу кезінде сол талапты қатаң сақтау керек. Егер грант иесі ойын өзгертіп, өзгесін алса, Еңбек мобильдігі орталығы сот арқылы қаржыны кері қайтарады.
— Азық-түлік дүкенін ашса тоңғазытқыш, мұздатқыш, түрлі сөрелерді сатып ала алады. Кейбір адамдар бизнес бастау үшін жер аламын деп айтады. Жер сатып алуға болмайды. Оған рұқсат жоқ. Қайтарымсыз грант қаржысы — құрал-жабдыққа арналған. Қазір спорт клубтарын ашатын жеке кәсіпкерлер бар. Олар белгілі бір ғимараттан бөлме жалға алып, сол спорт түріне арналған жабдықтарды сатып алады. Егер бизнес жоспарда көк түсті доп деп жазса, міндетте түрде түсі де сәйкес келуі тиіс, — деді Венера Урумбаева.
Үміткерлер бизнес жоспарды мәслихат депутаты, тілшілер, өңірлік кәсіпкерлік палатасының өкілі, ірі бизнесі бар кәсіпкерлер алдында қорғайды.
Егер бір қабылдауда бірдей бірнеше жоба кездессе, талқылау, талдау жүріп, комиссия ортақ шешім шығарады. Мұның бәрі Еңбек мобильдігі орталығының әлеуметтік желідегі ресми парақшасында тікелей эфирде көрсетіледі.
Егер комиссия оң шешім қабылдаса, 1414 нөмірінен хабарлама түсіп, жеке кәсіпкерлік тіркеледі, екінші деңгейлі банктен есепшоты ашылады. Еңбек мобильдігі орталығы 1 476 800 теңге аударады.
— Қайтарымсыз грантты жеке кәсіпкерлер де ала алады. Тек бизнесті бастағанына 3 жыл толмауы тиіс. Егер кеңейту жұмыстарына 1 млн теңге емес, 500-600 мың теңге қажет болса, соны бизнес жоспарында көрсете алады. Ақша аударып, арада 3 ай өткенде тексеру жүргізіле бастайды. Кейбірі бизнеске қажетті құрал-жабдықты өзге елден тапсырыс беріп алады. Мұны бизнес жоспарда көрсетсе, арнайы құжаттарын қосса, бұл да қабылданады, — деді Венера Урумбаева.
Қайтарымсыз гранттың да сұрауы бар
Қайтарымсыз грант алған адамдардың жұмысы бір жыл бойы бақылауда болады. Осы уақыт аралығында жеке кәсіпкер жұмысын тоқтатпауы тиіс.
Сонымен бірге ақша кәсіпті жүргізуге ғана жұмсалуы керек. Несие өтеу, өзге дүние сатып алу жағдайы тіркелсе, Еңбек мобильдігі орталығы қаржыны сот арқылы қайтарады.
Іс Ақтөбе облыстық мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотында қаралады.
— Екі бірдей жобаның бірі өтіп, екіншісі грант тағайындалмаса, кейбірі сотқа жүгінеді. Мұндайда әлеуметтік желіде сақталған тікелей эфир сотта дәлел бола алады. Онда комиссия шешімі толық көрсетіледі. Сонымен бірге грант иесінің жұмысын тексеруге барғанда қолымызда бизнес жоспар болады. Біз уақытылы қарап, әр дүниенің маркасына дейін салыстырамыз. Мәселен клининг компания бұрын сатып алған шаңсорғышының құжатын ұсынғысы келеді. Ал грант қаржысына өзгесін сатып алған. Бұл да дұрыс емес, — деді Венера Урумбаева.
Техника сатып алған адамның денсаулығы сыр беріп, ауырып қалса, орталық мамандары кешіріммен қарайды. Түсініктеме жазады, анықтама тапсырады.
— Былтыр 6 адам қайтарымсыз грантты пайдаланбай, кері қайтарды. Арасында көшіп кеткені бар. Кейде әйелдер отбасына айтпай, қайтарымсыз грант алуға құжат тапсырады. Ұтқан соң айтып, шу шығып, кері қайтарады. Ондай жағдай бар. Қазіргі кезде 2024 жылы алған қайтарымсыз гранттар туралы сот процестері жүріп жатыр. Мәселен Мұғалжар ауданында шаштараз ашу жобасын ұсынып, ұтып алды. Тексеру кезінде шаштараздың өзінікі емес, туысының кәсібі екені белгілі болды. Сол жерде сатып алған құрал-жабдықтары да қаралды. Бір-біріне қайшы келіп, сот отырысы әлі жалғасып жатыр, — деді Венера Урумбаева.
Еңбек мобильдігі орталығы істер сотқа жалғасқан соң қазір жеке кәсіпкерлерден алдын ала қолхат алуға көшті. Онда жеке кәсіпкерлікті бір жыл бойы жабуға болмайтыны, бизнес жоспарда көрсетілген техниканы, құрал-жабдықты ғана сатып алуға болатыны туралы жазылады.
Сот кабинетінен жеке кәсіпкерлерге қатысты істің көп екенін көруге болады. Мәселен Еңбек мобильдігі орталығы М. Жаңылды сотқа беріп, қайтарымсыз гранттың ақшасын кері қайтару туралы талап қойды.
Іс материалына сүйенсек, 2024 жылы екі арада келісімге қол қойылған. Сол кезде жартылай дайын өнім әзірлеу бизнесі қолдау тапқанымен, шаруа жайына қалып, сотта жауапкер ақшаны өз қажетіне жұмсап жібергенін айтқан.
Прокурор талапкер арызын қанағаттандыруды сұрады. Сот грант иесі М.Жаңылға қаржыны кері қайтару туралы қаулы шығарды.
Екінің бірі көрпе тігіп, кондитерлік өнім дайындайды
Қайтарымсыз грант алатындардың басым бөлігі — әйелдер. Олардың ішінде қыз жасауын дайындап, үйден торт пісіретіндер көп.
Алайда 2024 жылы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті жаңа талапты енгізді. Енді үйден тағам дайындап, сатуға болмайды.
— Кейінгі кезде массаж кабинетін ашу жоспарын ұсынатын әйелдер көп. Бұл да күмәнді. Негізі медициналық білімі болуы керек деп ойлаймыз. Ал олар екі айлық курстан өтіп, жұмыс істейді. Сонымен бірге мал шаруашылығымен айналысатындар да көбейді. 2024 жылы бұл инновациялық жоба емес деп ұсыныс та айтқан едік. Әзірге талап өзгермеді. Мал шаруашылығына да қайтарымсыз грант беріліп жатыр, — дейді облыстық еңбек мобильділігі орталығының директоры.
Қайтарымсыз грант бөлу комиссиясында болған қалалық мәслихат депутаты Жаңалық Ахаш та көпшілік ақшаны жеке мақсатқа жұмсауға бейім тұратынын айтып берді.
Инновация, тың ой жоқ, бір аппарат сатып алып, оны адам көп жүретін жерге қойып, ақша алуды ойлағандар жетерлік.
— Қайтарымсыз грант конкурсына қатысып, ақша алғысы келетін адам көп. Кейбірі грант алуға көмектесетін делдалдардың көмегіне жүгінеді. Сөйтіп дайын бизнес жоспарды 30-130 мың теңгеге сатып алады. Өзі жазбаған соң бизнес бастауға қажетті құрал-жабдықты, техниканы дұрыс көрсетпейді. Кейбірі қажетті шығын материалын да жазып қояды. Мәселен тігін цехын ашпақ болған адам іс машинасын алуы тиіс. Ол болса ине мен жіпке де сұраныс береді. Ол дұрыс емес. Қателік болса, кері қайтарамыз. Тағы бір айта кетерлігі, көбі тігін цехын ашып, жартылай дайын өнім дайындағысы келеді екен. Үйден тамақ әзірлеу күмән тудырады, «тазалық нормалары сақтала ма» деген сұрақ мазалайды. Олардан сұрағанда бәрі қалыпты сияқты айтады. Бірақ қазіргі талап күшті екенін еске саламыз. Сонымен бірге қаланың ортасында тұрып «жылқы бағамыз, сиыр бордақылаймыз» деп келеді. Ауылда бұл кәсіп дұрыс, ал қалада қайда бағады? Жайылым керек, иісіне көршісі де шыдамайды. Көбі мал алып, бір жылдан соң сатып, ақшасын қалтаға бассам дейді. Ойы осы, — дейді Жаңалық Ахаш.
Қайтарымсыз грант конкурсына қатысқандар арасында болашақты емес, бір реттік қаржыны ойлайтындар да жиі кездеседі.
Себебі олар бизнесті әрі қарай дамыту жолын ашық айта алмай қиналады. Тіпті бірнеше пәтеріне кір жуатын машина алмақ болған үміткердің бизнес жоспары да комиссия отырысында қаралған.
— Бір тұрғын аяққа массаж жасайтын кресло алып, оны сауда орны немесе әуежайға қоймақ болды. Сол арқылы ақша тапқысы келді. Түк идея жоқ қой. Тағы бір үлкен кісі келді. Ол үй жөндеуге арналған құрал-жабдық сатып алу жолын ұсынды. Біз пәтер жөндеумен айналысатын кәсіп бастамақ болды деп ойлаған едік. Бірақ ол өзінің төрт пәтерін жөндеуге керек екенін айтты. Бәрін жалға беріп отыр екен. Төрт кір жуу машинасын да алмақ болды. Төртеуін төрт пәтеріне қоймақ екен. Мұндай да идея ұсынатындар кездеседі. Масқара ғой, — дейді қайтарымсыз грант комиссиясының төрағасы, мәслихат депатута Ж. Ахаш.
Айта кетейік, Атырау облысында 21 кәсіпкер қайтарымсыз грант қаржысын мақсатсыз жұмсаған. Олар грант қаржысын бюджетке қайтарады.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, елімізде 14 жастан 35 жасқа дейінгі жастар 3 млн теңге мөлшерінде «Тәуелсіздік ұрпақтары» грантын ала алады. Мәдениет және ақпарат министрлігі бұл грантты 2029 жылға дейін беру жоспарланғанын айтты.