Бизнес қауымдастық заңды тұлғалардың қылмыстық жауапкершілігін енгізуге арналған заң жобасына қарсы

АСТАНА. 1 наурыз. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Қазақстанның бизнес қауымдастығы депутаттардан «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне заңды тұлғалардың қылмыстық жауапкершілігін енгізу мәселесі бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын қабылдамауды сұрайды.

Бұл туралы бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінде аталған заң жобасы бойынша өткен «дөңгелек үстел» барысында мәлім болды.

Естеріңізге сала кетейік, аталмыш жиынның мақсаты заңды тұлғаларды қылмыстық жауапкершілікке тарту жөніндегі тәжірибесін талдап, оны ұлттық заңнамаға енгізу тұстарын зерделеуге арналған болатын. Алайда еліміздің бизнес қауымдастығы осы заң жобасына өздерінің қарсылығын білдіріп отыр. «Біз осы құжаттың Мәжілістің екінші оқылымында қайтарылатынына сенімдіміз. Соны депутаттардан өтінеміз. Рас, халықаралық тәжірибеге салсақ, шет елдерде бұндай тәжірибе баршылық. Алайда олардың құқықтық жүйесі де басқа ғой. Өйткені, сол мемлекеттерде заңды тұлғалардың қылмыстық жауапкершілігі болмаса кінәлілерді жауапқа тарта алмай қалатын жәйттер кездеседі. Ал біздің заңнамамыз мүлдем басқа», - деді «Атамекен» одағы» ҰЭП төрағасы Азат Перуашев.

Оның пайымдауынша, Қазақстанның Қылмыстық-процессуальдық кодексі заңды тұлғаларға қылмыстық жауапкершілікті енгізбестен-ақ олардың жауаптылығын толық қамтамасыз ете алады. «Бұдан бөлек, Қаржы полициясы әзірлеген заң жобасында мемлекеттік органдар мен коммерциялық емес ұйымдардың заңды тұлғаларының қылмыстық жауапкершілігі қарастырылмаған. Ал жобаның негізгі бағыты кәсіпкерлік субъектілеріне арналып отыр. Оның ішінде ашық, әділ бизнес жасайтын кәсіпкерлер де осы заң жобасына үнемі ілігеді», - дейді А. Перуашев.