Бизнес-класс ұшағы Сан-Диегоның тұрғын үй ауданына құлап, өрт шықты
АСТАНА. KAZINFORM — АҚШ-тың Федералды авиация басқармасы Сан-Диегода құлаған ұшақтың Cessna 550 үлгісіне жататынын хабарлады, деп жазды BBC.
Қазіргі уақытта зардап шеккендер туралы нақты мәлімет жоқ, бортта кімдердің болғаны да белгісіз. Бұл үлгідегі ұшақ 6–8 адамды тасымалдай алады және көбінесе екі ұшқышпен және бірнеше жолаушымен бизнес-джет ретінде пайдаланылады.
Ұшақ құлаған сәтте, жергілікті уақыт бойынша таңертең, ауа райы тұманды болған. Оқиға Сан-Диего қаласындағы Мерфи-Кэнион ауданында орын алған. Алдын ала мәліметтер бойынша, жерде 15 үй отқа оранған.
Билік бірнеше кварталдың тұрғындарын шұғыл эвакуациялады. Жергілікті өрт сөндіру қызметі басшысының орынбасары баспасөз мәслихатында:
«Ол жерде бәрі реактивті отынмен ластанған», — деп мәлімдеді.
Оның айтуынша, бірнеше тұрғын үйге ұшақ соқтығысып, тікелей зақым келген.
Сан-Диего полициясы азаматтарға бұл аймаққа бармауға кеңес берді.
Еске сала кетейік, бұған дейін АҚШ-та авиашоу кезінде ұшақ құлағанын жазған едік.