Бизнес-процесс реинжинирингі: Онлайн сенімхат алу 4 есе өскен

Фото: Фото: freepik.com

АСТАНА. KAZINFORM – Елімізде онлайн форматта сенімхат алу 4 есе артқан. Бұл туралы Қазақстан Республикасының цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев айтты. 

— Цифрлық трансформация шеңберінде 61 ең танымал бизнес-процестерге реинжиниринг жүргізілді. Осының арқасында сот шешімдерін орындаумен, заңгерлік кеңес берумен және сараптама жүргізумен байланысты процестерді жаңғыртуға мүмкіндік туды. Жалпы, жүргізілген реинжиниринг қорытындысы бойынша біз тиімділіктің 54%-ға артуын күтеміз. Биылғы жылдың соңына дейін тағы 31 бизнес-процестің реинжинирингін өткізуді жоспарлап отырмыз, - деді ол. 

Министрдің айтуынша, бұған сенімхат беру бизнес-процесіне жүргізілген реинжиниринг жарқын мысал бола алады. 

— Бұрын сенімхат алу үшін нотариустың жеке қатысуы қажет болатын. Сонымен қатар процесс қағаз жүзінде іске асырылғандықтан құжаттарды жоғалту және қолдан жасау қаупі болды. Енді бәрін онлайн форматта бейне қоңырау шалу арқылы жасауға болады. Нәтижесінде біз қолжетімділікті арттырдық, сондай-ақ мұрағатты цифрландыру есебінен жоғарыда аталған тәуекелдерді жойдық. Бұл қызмет халық арасында сұранысқа ие және оң қабылданды. Рәсімделген онлайн-сенімхаттар санының 4 есе өсуі байқалды, - деп түйді сөзін Жаслан Мәдиев. 

Еске сала кетейік, бұған дейін АҚШ инвесторы қазақстандық ІТ-стартапқа $1 млн көлемінде инвестиция құйғанын жазған едік.