Бизнеске 12,6 пайызбен 8 трлн теңге несие беру инфляцияны өршітпей ме – Ұлттық банк жауабы

Фото: Әділет Беремқұлов/ Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM – Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов Үкіметтің «Бәйтерек» ұлттық басқару холдингі арқылы бизнеске 12,6 пайызбен 8 трлн теңге несие беру туралы шешімі инфляцияға қалай әсер ететінін айтты.

- Базалық мөлшерлемеден 4 пайыз арзан несиені 8 трлн теңге көлемінде бөлу Ұлттық банкті базалық мөлшерлемені көтеруге мәжбүрлемей ме? Бизнеске базалық мөлшерлемені айналып өтетін қолдау көрсету экономиканың басқа салаларына қатысты әділетсіз шешім деп ойламайсыз ба, - деп сұрады журналист.

Ұлттық банк төрағасы базалық мөлшерлеме туралы бүгінгі шешім «Бәйтеректің» 12,6 пайыздық несиесін ескере отырып қабылданғанына сендірді.

- Әрине, біз Премьер-министр айтқан ұсынысты білеміз. Біздің бүгінгі шешіміміз Үкіметтің ол бастамасын есепке ала отырып қабылданды. Инфляция тәуекелдерін бағалаған 12,6 пайызбен бизнеске берілетін 8 трлн теңгенің ықпалын да есептедік.

Тұтас экономикадан бизнесті бөліп алып, базалық мөлшерлемеден төмен мөлшерлемемен несие беру қаншалықты әділ дегенге келсек, бұл өте сезімтал әрі күрделі мәселе. Бұл 8 трлн теңге «Бәйтерек» Ұлттық басқару холдингі арқылы беріледі. Олар несиені бағыттайтын жобаны іріктеп алады. Демек оны таңдаудың нақты ережесі бар. Сондықтан әділеттілік туралы сұрақты холдинг өкілдеріне қойған жөн, - деді Тимур Сүлейменов.

Еске салайық, бүгін Ұлттық банк базалық мөлшерлемені тағы өзгеріссіз қалдырды.