«19 қыркүйектен бастап Business.enbek.kz порталында 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба шеңберінде 4-лек бойынша жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін мемлекеттік гранттар алуға өтінімдер қабылдау басталады.
Грант көлемі – 400 айлық есептік көрсеткіш (1 млн 225 мың 200 теңге). Әр қатысушы оны бір рет қана алады.
Гранттар қаражаты ісін жаңа бастаған кәсіпкерлерге өздерінің бизнес-әлеуетін ашуға, өндірісті жолға қоюға және дамытуға, сол арқылы өзін тұрақты табыспен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді»,-деп жазылған ведомствоның ресми сайтында.
Өтінім беру үшін мына әрекеттер жасау қажет:
- Порталда тіркелу;
- грант алу шарттарына сәйкестігіне тексеруден өту;
- бизнес-жоспар үлгісін жүктеп алып, оны толтыру және порталға енгізу;
- өтініш нысанын толтыру және электрондыцифрлық қолтаңба кілтімен қол қою.
«Интернет немесе компьютер болмаған жағдайда, халықты жұмыспен қамту орталықтарының (ЦОН) өзіне-өзі қызмет көрсету аймақтарында, халыққа қызмет көрсету орталықтарында, кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталықтарында өтінім беруге болады», - деп жазылған ресми мәліметте.
Сондай-ақ, гранттан үміткерлер мына талаптарға сай келуі керек:
- жаңа бизнес-идеяны іске асыру;
- тіркелген жұмыссыздар;
- жеке кәсіпкер ретінде тіркелгеніне 3 жыл толмағандар;
- бірыңғай жиынтық төлемді төлеушілер.
Үміткер мына әлеуметтік санаттардың біріне жатуы шарт:
- мүгедектігі бар адамдар;
- қолданыстағы «кандас» мәртебесі бар адамдар;
- оңтүстік өңірлерден солтүстік өңірлерге қоныс аударушылар
- аз қамтылған отбасы мүшелері;
- көпбалалы отбасы мүшесі (жұбайы / зайыбы);
- мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған адам (жұбайы / зайыбы);
- асыраушысынан айырылу бойынша жәрдемақы алушылар;
- жастар.
Сонымен қатар үміткердің «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқыту туралы 3 жылдан аспайтын мерзімге сертификаты болуға тиіс.
«Гранттар берудің бүкіл процесі электрондық форматқа ауыстырылды. Грант алуға өтінімдерді қабылдау бірыңғай терезе – «Business.enbek.kz» порталы арқылы жүзеге асырылады»,-деп жазылған.
Яғни, өтінішті қағаз күйінде беру мүмкін емес.
Аталған 1,2 млн теңгенің грантын қажетті құрал-саймандар, еңбек құралдарын, технологиялық жабдықтар, мал, кәсіпке қажет жануарды, құс, көшет, тұқым сатып алуға, бизнес жүргізетін орын-жайды жалға алу ақысын төлеуге жұмсауға болады.
Ал тұрмыстық мақсатқа, бұрынғы несиені жабуға, жылжымайтын тұрғын үй сатып алуға және салуға, жер телімін сатып алуға, акцизделетін өнімдер өндіруге берілмейді.
Грант тағайындау шешімін халықты жұмыспен қамту орталықтары аудандық/қалалық комиссияның ұйғарымы негізінде шығарады.