Мұнымен қоса, басқарушы компаниялар аймақтардағы қызмет, тартылған инвестициялар және құрылған жұмыс орындары туралы толығырақ есептілік ұсынатын болады.
АЭА қатысушыларын тіркеу тәртібі өзгереді
Өзгерістердің бірі арнайы экономикалық аймақтар (АЭА) қатысушыларының бірыңғай тізілімін жүргізуге қатысты. Енді онда тек АЭА қатысушылары туралы ғана ақпарат қамтылады. Бұрынғы ережелер бойынша қолданыста болған, бейінді емес қызмет түрін жүзеге асыратындарға арналған жеке тізілім жойылады.
Бұл бірыңғай тізілімді қалыптастыруға және жүргізуге Бірыңғай үйлестіру орталығы жауапты болады. Ақпарат электронды форматта қазақ және орыс тілдерінде қолжетімді болады.
Арнайы экономикалық аймақтың басқарушы компаниясы қызметті жүзеге асыру туралы шарт жасалған кезден бастап келесі жұмыс күнінен кешіктірмей бірыңғай үйлестіру орталығына қызметті жүзеге асыру туралы шарттың көшірмесін жібереді және бірыңғай үйлестіру орталығының интернет-ресурсында шарт жасасу туралы ақпаратты орналастырады.
Бірыңғай үйлестіру орталығы тиісті шарттың көшірмесін алғаннан кейін бес жұмыс күні ішінде өтініш беруші туралы мәліметтерді арнайы экономикалық аймақтарға қатысушылардың бірыңғай тізіліміне енгізеді және адамның арнайы экономикалық аймаққа қатысушы ретінде тіркелгенін куәландыратын куәлік береді.
Тізілімдегі ақпарат аймақтың атауы немесе қатысушыға қатысты мәліметтер өзгергенде, қосымша келісімдер жасалғанда немесе келісімшарт бұзылған жағдайда жаңартылады.
Қатысушы мәртебесін алу үшін қосымша талаптар енгізіледі
Өзгерістер арнайы экономикалық және индустриялық аймақтарға орналасуға ниетті жобаларды іріктеу процесіне де қатысты болады.
Талап етілетін құжаттардың стандартты тізбесіне қоса, өтінім берушілер өздерінің өндірістік қуаттылық теңгеріміне қатысты оң бағалау қорытындысын ұсынуы қажет. Бұл бағалау жобаның белгіленген бағалау әдістемесіне сәйкестігін растауы тиіс.
Негізгі іріктеу критерийлері де жаңартылды. Атап айтқанда, өтініш берушілер банк алдында қарыз бойынша мерзімі өткен міндеттемелері, салықтар немесе мемлекеттік бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер бойынша өтелмеген берешектерінің жоқтығын растауы қажет.
Өңдеу саласындағы жобаларға қосымша талаптар қолданылады. Атап айтқанда, Қазақстанда мүлдем өндірілмейтін немесе ішкі сұранысты қанағаттандыруға бағытталғанымен, жеткіліксіз көлемде өндірілетін тауарлардың өндірісіне қатысты.
Сәйкесінше, жобаларды іріктеу барысында инвестордың капитал салуға дайындығы ғана емес, сонымен қатар оның өндірісінің ішкі нарық қажеттіліктеріне қаншалықты сәйкес келетіні де ескеріледі.
Инвесторлар үшін жобаны іске асыру кестесі белгіленеді
Маңызды жаңа шаралардың бірі инвестициялық жобаларды жүзеге асыру мерзімдерінің сақталуын бақылауға қатысты.
Арнайы экономикалық аймақтарға қатысушылармен жасалатын келісімшарттарға жобаны іске асыру кестесі енгізіледі. Бұл кесте инвестицияларды салуды, жобалау жұмыстарын, құрылыс жүргізуді және нысандарды пайдалануға беруді қамтитын болады.
Құжатта инвестиция көлемі көрсетіліп, оларды жүзеге асыру кезеңдері әр тоқсандық бойынша бөліп көрсетілуі тиіс. Сондай-ақ, құрылыс жұмыстарын және өндіріске қатысты іс-шараларды аяқтау мерзімдері де жеке белгіленеді.
Бұл ретте кестеде осы талаптар ескеріледі:
- жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеу;
- ведомстводан тыс кешенді сараптаманың қорытындысын алу;
- инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды жүргізу;
- ғимараттар мен құрылыстар салу;
- жабдықты монтаждау және орнату;
- іске қосу жұмыстары;
- нысанды пайдалануға беру және персоналды оқыту.
Арнайы экономикалық аймақ қатысушылары жобаны іске асырудың бүкіл кезеңі ішінде жоба кестесіне үш реттен артық емес өзгеріс енгізе алады. Мерзімдерге мұндай түзетулер енгізуге тек алдыңғы кезеңдер бойынша міндеттемелер орындалған жағдайда ғана рұқсат етіледі.
Сонымен қатар, егер қатысушы жоба кезеңдерін аяқтауды дәлелді себепсіз үш күнтізбелік айдан астам уақытқа кешіктірсе, келісім тоқтатылуы мүмкін.
Жер учаскелерін пайдалану
Жер учаскелерін жалға алу және қосалқы жалға беру ережелері де нақтыланып жатыр. Атап айтқанда, басқарушы компаниялар қосалқы жалға беру шарттарын арнайы экономикалық аймақтар (АЭА) мен индустриялық аймақтардың қатысушыларымен ғана емес, сонымен қатар қосалқы қызмет түрлерімен айналысатын субъектілермен де бекіте алатын болады.
Бұдан бөлек, аумақты бөлуге қатысты шектеулер белгіленген. Атап айтқанда, арнайы экономикалық аймақ ішінде қосалқы қызмет түрлеріне арналған аумақ жалпы аумақтың 20%-ынан аспауы тиіс.
Мұнымен қоса, АЭА қатысушыларына өңдеу өнеркәсібі саласындағы жобаларды іске асыру үшін берілген, өндірістік алаңға кірмейтін аумақтың алаңы өндірістік алаңның отыз пайызынан аспауға тиіс.
Айта кетейік, жаңа ереже биылғы 29 қарашада күшіне енеді.
Бұған дейін АЭА-ларды дамытудың жаңа моделі әзірленіп жатқанын жазған едік.