«Біз Қарағанды облысындағы шағын және орта бизнестің жағдайын зерделейік деп шештік. Өңір тосыннан таңдалып отырған жоқ. Бұл ірі өнеркәсіптік нысан, инфрақұрылымы дамыған. Сондықтан мұнда қызметкерлерімізді Бас прокуратура тұрғысынан жағдайды зерделеу үшін жіберген едік», - деді Асанов.
Оның айтуынша, құқық қорғау органдары мен прокуратура елдегі бизнестің дамуына барынша мүдделілік танытады.
«Неліктен мүдделі? Өйткені, қылмыс жасайтындардың 84 пайызы жұмыссыз адамдар. Ал жұмыс орнын кім құрады? Әрине, ең бірінші кезекте - бизнес. Бизнеске жасалып отырған ең басты қысым - бұл қылмыстық қысым. Оған құқық қорғау органдары, оның ішінде прокуратура да кінәлі. Жолы - қылмыстық істі тіркеп, бизнесті қылмыстық процеске тарту. Бұл салық қызметтерінің, санитарлық қадағалау қызметтерінің тексеруі емес. Бұл толыққанды қылмыстық іс. Ал қылмыстық іс аясында тінту де, шектеу де, мәжбүрлеу де, тұтқындау да жүргізуге болады. Сондықтан біз экономикалық қылмыстарды тіркеу ережесін өзгерттік. Өткен жылдың екінші жарты жылдығында мұндай істер екі есеге азайды», - деді Жақып Асанов.
Айта кетейік, Қарағанды облысында 85 мың шағын және орта бизнес субъектісі тіркелген. Онда 225 мың адам еңбек етуде.