Бизнесін кеңейткен кәсіпкерлерге қандай қолдау көрсетілуі мүмкін

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанда шағын кәсіпкерліктен орта бизнес санатына өткен компанияларға арналған арнайы қолдау шараларын енгізу ұсынылды. Бұл кәсіпорындарға қызмет аясын кеңейткен кезде мемлекеттік көмектен айырылып қалмауға мүмкіндік береді.

Фото: Kazinform/ЖИ

Мұндай ұсынысты «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқарма төрағасының орынбасары Аслан Қалиғазин айтты. Ол Құрылтайдың Экономикалық саясат, өнеркәсіп және энергетика комитетінің кеңейтілген отырысында шағын және орта бизнесті дамыту мәселелеріне тоқталды. Жиында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2026 жылғы 28 қазандағы Жолдауында берілген тапсырмалардың орындалу барысы талқыланып жатыр.

Аслан Қалиғазиннің айтуынша, кәсіпкерлікті дамытудың келесі маңызды кезеңі — шағын кәсіпорындардың орта бизнес деңгейіне көтерілуіне жағдай жасау. Өйткені орта кәсіпорындар жаңа жабдықтар сатып алуға қаржы құйып, білікті мамандарға жұмыс орындарын аша алады. Сондай-ақ олар шағын жеткізушілер мен ірі өндіріс орындарының арасындағы байланысты нығайтады.

— Мұны инвестиция көлемінен де көруге болады. Соңғы бес жылда орта кәсіпорындардың негізгі капиталға салған инвестициясы номиналды мәнде 2,6 есе өсті. 2021 жылы бұл көрсеткіш 1,13 триллион теңге болса, 2025 жылы 2,95 триллион теңгеге жетті. Осы кезеңде орта бизнестің елдегі жалпы инвестициядағы үлесі 8,5 пайыздан 12,6 пайызға дейін артты. Демек, саны аз болғанына қарамастан, орта кәсіпорындар өндірісті дамытуға көбірек қаржы бөліп отыр, — деді Аслан Қалиғазин.

Дегенмен шағын кәсіпорындардың орта бизнеске өтуіне бірқатар кедергі бар. Олардың қатарында салық талаптары, инвестициялық қаржының тапшылығы және мемлекеттік қолдаудың кейбір түрлерінен айырылу қаупі тұр.

Мәселен, кәсіпорынның табысы артқанымен, өндіріс көлемі бұрынғы деңгейінде қалуы мүмкін. Себебі түсімнің көбеюіне шикізат пен дайын өнім бағасының қымбаттауы да әсер етеді. Соған қарамастан, мұндай кәсіпорын орта бизнес санатына өтіп, микро және шағын бизнеске арналған мемлекеттік жеңілдіктерден айырылып қалуы ықтимал.

Осы мәселені шешу үшін «Атамекен» кәсіпорындарға бір санаттан екіншісіне өту кезеңінде арнайы қолдау көрсетуді ұсынып отыр.

— Шағын бизнестен орта бизнеске өтуге арналған қолдау шараларының арнайы топтамасын әзірлеуді ұсынамыз. Оның аясында салықтық әкімшілендіру талаптарына бейімделуге жағдай жасау, бұрын мақұлданған мемлекеттік көмекті келісілген мерзімге дейін сақтау, инвестициялық несие беру және өндірісті жаңғыртуға қолдау көрсету көзделуі керек, — деді ол.

Сонымен қатар Ұлттық кәсіпкерлер палатасы шағын жеткізушілер мен ірі тапсырыс берушілердің арасындағы заңды сауда қатынастарына кедергі келтіретін салық талаптарын қайта қарау қажет деп есептейді.

— Біз салық есептеудің жеңілдетілген тәртібін енгізуді ұсынамыз. Яғни кәсіпорынның барлық табысынан шығындарын алып тастап, қалған сомаға ғана салық салу қажет. Бұл кәсіпкерлерді күрделі салық есебін жүргізуден босатады. Сонымен қатар әртүрлі салық режимімен жұмыс істейтін кәсіпорындардың бір-бірімен сауда жасауына кедергі келтіретін шектеулерді алып тастауды ұсынамыз. Оңайлатылған декларация бойынша жұмыс істейтін кәсіпорындардың басқа кәсіпорындармен жасайтын мәмілелеріне 8 пайыздық салық мөлшерлемесін белгілеп, шекті көрсеткішті 300 мың айлық есептік көрсеткішке дейін төмендету қажет. Мемлекет кәсіпорындардың өсуіне жағдай жасауы керек, оларды шағын бизнес деңгейінде қалуға мәжбүрлемеуі тиіс, — деді Аслан Қалиғазин.

Айта кетейік, бұған дейін Мемлекет басшысы шағын бизнесті үш жыл тексермейтінін айтқан еді.