Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі: «ҚазМұнайГаз» Алматы қаласының әкімдігіне көпфункциялы спорт алаңын тапсыруға кірісті
Компания 2010-11 жылдары Астана, Алматы, Павлодар, Атырау және Шымкент қалаларында осы тектес 50 спорт алаңын салып, пайдалануға берді. Бұл нысандардың бәрі Қазақстан Республикасының Президенті Н. Назарбаевтың елімізде бұқаралық спортты дамыту және салауатты өмір салтын насихаттау жөніндегі бастамасын жүзеге асыру мақсатында тұрғызылды.
«ҚазМұнайГаз» компаниясының көпфункциялы 50 спорт алаңын салу бағдарламасының басты мақсаты - бұқаралық спортпен айналысуға толыққанды жағдай жасау, балалар мен жасөспірімдерді дене тәрбиесіне тарту, сонымен бірге салауатты өмір салтын насихаттау. Бағдарлама бюджеті 2 миллиард теңгеден астам қаржыны құрады.
Атап өтер бір жәйт, заманауи технологиямен салынған әмбебап спорт алаңдары мини-футбол, волейбол, баскетбол, теннис және басқа спорт түрлерімен айналысуға толық мүмкіндік береді. Спорт алаңдары көрермендерге арналған мінберлер мен басқа да қажетті спорт құрал-жабдықтарымен жарақтандырылған. Жасанды шөппен көмкерілген футбол, арнаулы резеңкемен жабылған волейбол, баскетбол, теннис алаңдары спортпен айналушылар үшін өте қолайлы.
Қыс айларында да спорт алаңдарында қалаған спорт түрлерімен айналыса беру үшін барлық жағдай қарастырылған. Мұнда ауа райының суықтығына қарамастан жылытылған алаңда балалар мен жасөспірімдер дене тәрбиесімен айналыса алады.
Кешкі уақытта әр спорт алаңы қосымша жарық шамдарымен жарақтандырылған. Спорт алаңдарын салу кезінде барлық экологиялық, санитарлық-гигиеналық, өртке қарсы және басқа нормалар қатаң сақталды.
«ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясы» АҚ - Қазақстанның мұнай-газ саласындағы мемлекеттің мүдделерін білдіретін көмірсутегілерін барлау, өндіру, өңдеу және тасымалдау, жөніндегі қазақстандық ұлттық оператор. «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ акцияларының 100%-і «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ-қа тиесілі.