«Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі жөніндегі "Парыз" конкурсы туралы" Жарлығына өзгертулер мен толықтырулар енгізілді

АСТАНА. Қыркүйектің 1-і.ҚазАқпарат - Елбасының «Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі жөніндегі "Парыз" конкурсы туралы" Жарлығына өзгертулер мен толықтырулар енгізілді. ҚазАқпарат Жарлықтың толық мәтінін назарларыңызға ұсынады.

Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығы

Қазақстан Республикасы Президентінің 2008 жылғы 23 қаңтардағы № 523 Жарлығына өзгерістер мен толықтырулар енгізу және Қазақстан Республикасы Президентінің кейбір жарлықтарының күші жойылды деп тану туралы

Қаулы етемін:

1. "Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі жөніндегі "Парыз" конкурсы туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2008 жылғы 23 қаңтардағы № 523 Жарлы­ғына (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2008 ж., № 3, 36-құжат; № 38, 405-құжат; № 43, 481-құжат; 2009 ж., № 27-28, 234-құжат; № 33, 309-құжат) мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:

жоғарыда аталған Жарлықпен бекітілген Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі жөніндегі "Парыз" конкурсын өткізудің ережелерінде:

1-тармақтың үшінші бөлігіндегі "Меншіктің барлық нысандарындағы ұйымдар" деген сөздер "Жеке кәсіпкер­лік субъектілері" деген сөздермен ауыстырылсын;

4-тармақта "қорғау министрлігі," деген сөздерден кейін "Қазақстан Республикасы Қоршаған ортаны қорғау министрлігі," деген сөздермен толықтырылсын; 10-тармақта:

бірінші абзацтағы "белгіленген нысандағы өтінімді және үш данада материалдарды" деген сөздер "мате­риалдарды бір данада" деген сөздермен ауыстырылсын;

1) тармақшадағы "сауалнама" деген сөз "өтінім" деген сөзбен ауыстырылсын;

3) тармақшадағы "(диаграммалар, сызбалар, кестелер, құжаттардың көшірмелері және тағы басқалар" деген сөздер "(ұжымдық шарттың көшірмесі және өзге де құжаттар)" деген сөздермен ауыстырылсын;

3) тармақшадағы "болуы тиіс" деген сөздер алып тас­та­лып, мынадай мазмұндағы 4) тармақшамен толық­тырылсын:

"4) Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі белгілеген және оның интернет-ресурсында орналастырылған нысанда толтырылған сауалнама болуы тиіс";

13-тармақ мынадай мазмұндағы 4) тармақшамен толықтырылсын:

"4) "Экологияға қосқан үлесі үшін".

Бұл номинацияда қоршаған орта жағдайын жақсартуға бағытталған табиғатты қорғау (экологиялық) бағдарламаларын іске асыруда ерекше көзге түскен үміткерлердің кызметі қаралады.";

мынадай мазмұндағы 13-1-тармақпен толықтырылсын:

"13-1. Гран-при - конкурстың жоғары наградасы жұмыста және корпоративтік әлеуметтік және экологиялық жауапкершілік қағидаттарын іске асыруда анағұрлым жоғары нәтижелерге қол жеткізген үміткерге беріледі.";

жоғарыда аталған Жарлықпен бекітілген Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі жөніндегі "Парыз" конкурсын өткізудің ережелеріне қосымша осы Жарлыққа қосымшаға сәйкес жаңа редакцияда жазылсын;

жоғарыда аталған Жарлықпен құрылған Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі жөніндегі "Парыз" конкур­сының лауреаттары атақтарын беру жөніндегі комис­сияның құрамына мыналар енгізілсін:

Әшімов Нұрғали Сәдуақасұлы - Қазақстан Республикасының Қоршаған ортаны қорғау министрі,

Құл-Мұхаммед Мұхтар Абрарұлы - Қазақстан Республикасының Мәдениет министрі;

мына:

"Мыңбаев Сауат Мұхаметбайұлы - Қазақстан Республикасының Энергетика және минералды ресурстар министрі

Исекешев Әсет Өрентайұлы - Қазақстан Республикасының Индустрия және сауда министрі"

деген жолдар мынадай редакцияда жазылсын:

"Мыңбаев Сауат Мұхаметбайұлы - Қазақстан Республикасының Мұнай және газ министрі",

"Исекешев Әсет Өрентайұлы - Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары - Қазақстан Республикасының Индустрия және жаңа технологиялар министрі";

2. Мыналардың күші жойылды деп танылсын:

1) "Мәдени және гуманитарлық салалардағы қайы­рымдылық және демеушілік қызметі үшін Қазақстан Рес­публикасы Президентінің Құрмет дипломын тағайындау туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2000 жыл­ғы 31 шілдедегі № 423 Жарлығы (Қазақстан Респуб­ли­касының ПҮАЖ-ы, 2000 ж., № 30, 367-құжат; 2007 ж., № 21, 233-құжат);

2) "Қазақстан Республикасы Президентінің 2000 жылғы 31 шілдедегі № 423 Жарлығына өзгерістер мен толықтыру­ енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2007 жылғы 20 маусымдағы № 349 Жарлығы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2007 ж., № 21, 233-құжат).

3. Қазақстан Республикасының Үкіметі осы Жарлықтан туындайтын шараларды қабылдасын.

4. Осы Жарлық 2011 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енетін 1-тармақтың төртінші, он бірінші, он екінші, он үшінші абзацтарын қоспағанда, алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

Қазақстан Республикасының Президенті Н.НАЗАРБАЕВ.

Астана, Ақорда, 2010 жылғы шілденің 16-сы. № 1029